Спорт

Мәдина Оразымбетова: V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 300 мыңнан астам адам келді

Елімізде 8-13 қыркүйек күндеріне жоспарланған басты іс-шара V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өз мәресіне жетті. Осы орайда айтулы жобада баспасөз бөлімінде қызмет атқарған Мәдина Оразымбетова Elordainfo.kz сайтына өз ойымен бөлісті.

- Көптен күткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны да өз мәресіне жетті. Ұйымдастырушылық жағына қаншалықты көңілдеріңіз толады? Әттеген-ай дейтін тұстар болды ма? Айтулы бәсеке қыркүйек айында (оқу, жұмыс) өтсе де, жарысқа, этноауылға келушілердің саны өздеріңіз жоспарлағандай болды ма?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының сәтті аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл біз үшін тарихи кезең болды. Елімізде тұңғыш рет осындай халықаралық этноспорттық оқиғаны ұйымдастырып, сәтті өткіздік деп ойлаймыз.

Ұйымдастырушылық тұрғыдан алғанда, барлық жоспарланған іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Жарыстың барлық қатысушылары мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалды. Қойылған мақсаттарға қол жеткіздік.

Қыркүйек айындағы жұмыс және оқу кезеңіне қарамастан, жарысқа және этноауылға келушілердің саны күткендегіден жоғары болды. Көшпенділер ойынына Қазақстан мен шетелден 100 мыңға жуық адам келеді деп жоспарлағанбыз. Алайда жалпы санағанда, этноауыл мен барлық жарыстарға келген адам саны 300 мыңнан астам болды.

- Спортшылар 21 спорт түрінен сынға түсті. Билет сатылымы жағынан көрермендердің қай спортқа қызығушылығы жоғары және төмен болды? Бұған дейін де Қырғызстан, Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынын зерттеген боларсыздар. Еліміздегі дода бұған дейінгі жарыстан қаншалықты ерекшелене білді?  

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында спортшылар 21 спорт түрінен бақ сынады және көрермендердің спортқа деген қызығушылығы жоғары болды. Билет сатылымы бойынша ең жоғары қызығушылық біздің ұлттық спорт түрлері – қазақ күресі, көкпар, жамбы ату, бәйге және аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлеріне байқалды. Ал салыстырмалы түрде аз қатысу кейбір жаңа немесе аймақтық спорт түрлеріндегі жарыстарда байқалды.

Алдыңғы ойындармен салыстырғанда, Қазақстандағы дода өз ерекшеліктерімен көзге түсті. Біріншіден, ойындардың ауқымы мен ұйымдастыру деңгейі жоғары болды, әсіресе, заманауи инфрақұрылым мен техникалық жабдықтау жағынан. Екіншіден, еліміздің мәдениеті мен дәстүрлері кеңінен таныстырылып, этноауылда ерекше көрініс тапты. Біздің ойындар өзгелермен салыстырғанда ұлттық бірлік пен көпмәдениеттілікті атап көрсетумен ерекшеленді.

- Кей спорт түрінде спортшылардың наразылығы да болып жатты. Ұлттық спортта барлығы әділетті болу үшін, қандай жұмыстар жасалуы керек деп ойлайсыз? Кей жанкүйерлер шетелдік төрешілерді де шақыру қажеттігін алға тартады. Біздің елдегі бәсекеге неше шетелдік төреші қазылық жасады?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас төрешісі Тастанбек Есентаев мырза болды. Тастанбек Құтжанұлы қазақ спортына есімі таныс, бар ғұмырын ел спортына, соның ішінде ұлттық спортқа арнап келе жатқан нар тұлға. Ойындар алдында бас төрешінің бастамасымен барлық спорт түрлері бойынша төрешілерге арналған жиындар кезең-кезеңімен өтті. Әсіресе, Шымкент қаласында көкпар спорты бойынша төрешілікке қатысты төрешілердің қатысуымен халықаралық жиын болғанын айта кеткен жөн.

Кей спорт түрлерінде спортшылардың наразылығы болғанын ескере отырып, әділдікті қамтамасыз ету үшін бірнеше шаралар қажет деп санаймыз. Біріншіден, ұлттық спорт жарыстарының ережелері мен регламенттерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру маңызды. Бұл ережелердің ашықтығын арттырып, спортшылар арасында түсінбеушіліктердің алдын алады.

Екіншіден, төрешілердің кәсіби біліктілігін үнемі арттырып, заманауи әдістемелерді енгізу қажет. Тәуелсіздік пен бейтараптықты қамтамасыз ету үшін, шетелдік төрешілерді шақыру мәселесі де орынды. Олардың қатысуы жарысқа объективтілік пен сенімділік береді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан шетелдік төрешілер саны жарыстың әр спорт түріне байланысты өзгеріп отырды. Жалпы, шетелдік төрешілердің қатысуы ойындардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды, олардың саны 30-дан асты.

- Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жерлестеріміз бұрын-соңды болмаған 43 алтын алып, бірнеше спорт түрлерінде бірінші рет топ жарды. Жалпы осы ойындар елімізге қандай мұра қалдырады деп ойлайсыз?

Қазақстандық спортшылар 43 алтын, 32 күміс және 37 қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл жетістіктер тек спорттық деңгейде ғана емес, елдің абыройын халықаралық аренада көтеріп, ұлттық спорттың дамуына серпін береді.

Анықтама: Ат бәйгесі, мангала, бүркіт салу, теңге ілу, корэш, кураш, алыптар сайысы, бес асық, жамбы ату (түркі стилі, азия стилі) спорттарында бірінші рет чемпион атандық.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елімізге маңызды мұра қалдырды. Біріншіден, ұлттық спорттың дамуы мен танымалдылығы артты, бұл жаңа чемпиондар тәрбиелеуге ықпал етеді. Екіншіден, ойындар ұлттық рухты көтеріп, елдің бірлігін нығайтты. Үшіншіден, жаңа спорттық және мәдени инфрақұрылым елдің туризмін дамытуға септігін тигізеді. Төртіншіден, көшпенділер мәдениеті мен мұрасы халықаралық деңгейде кеңінен насихатталды.

- Дүниежүзілік көшпенділер ойыны тек спорттық сайыстар бойынша ғана әсер қалдырғандай болды. Одан бөлек, ғылыми бөлігі де болды. Ғылыми-конференцияның өтуі қаншалықты оң әсерін тигізді?

Ұлттық музейде ғылыми бағдарлама аясында «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға 12 елдің жетекші мамандары қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Франция елдерінен жетекші мамандар келді. Конференцияға үш күнде 1 200 көрермен қатысты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ғылыми-конференциясы маңызды рөл атқарды. Ол көшпенділер мәдениетін тереңірек зерттеуге жол ашып, ғылыми қауымдастықтар арасында жаңа пікірталастар мен ынтымақтастықтарды қалыптастырды. Конференцияның өтуі мәдени мұраны сақтауға, оны халықаралық деңгейде насихаттауға оң әсерін тигізіп, тарихи және этнографиялық зерттеулерге жаңа серпін берді.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ