Спорт

«Ұлы дала жорығы» бәйгесі Ботай қонысынан басталды

Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы - «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон бәйгесі дала өркениетінің қайнар көзі – киелі Ботай қонысынан басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

 «Осы жылы «Ұлы дала жорығы» жобасы аясында Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Иран, Мажарстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Қазақстан және тағы басқа мемлекеттерден 18 команда жарыс жолына аттанды. Еліміздің атынан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу арғымағы, Қостанай, Көшім жылқы тұқымдарымен 9 құрама бас жүлдеге таласады. Қатысушылардың қатарында қыздардан құралған бірнеше команданың бар екенін атап өткен жөн. Шабандоздар Ботай қонысынан Астана қаласына дейін 500 шақырымды еңсеруі керек. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттардың сыналар сәті», - деді Исламбек Салжанов.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт саласы қарқынды дамып келеді.

«Мұның айқын дәлелі – еліміз үшін абыройлы дода – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Ендеше, ел намысын қорғайтын спортшыларымыз көк туымызды желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінсін! Құрметті шабандоздар! Алда ұзақ жол, тартысқа толы бес күндік бәсеке. Олай болса, тақымдарыңыз талмасын, тұлпарларыңыз сүрінбесін. Еліміздің бас қаласы елордада төрт көзіміз түгел, аман-есен қауышайық!» - деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.