Спорт

Ұлттық ұлан сарбазы әмбебеп жекпе-жектен әлем чемпионы атанды

Қостанайлық ұландық сарбаз  әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ресей Федерациясының Саратов қаласында ерлер мен әйелдер арасында әмбебап жекпе-жектен Әлем біріншілігі өтті.

«Протон-Арена» спорт сарайында өткен аталмыш сайысқа отыз елден келген 300-ден астам спортшы қатысты.

Сонымен қатар халықаралық додада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға лейтенант Ержан Абикеев те бақ сынады. 60 келі салмақта күш сынасқан ұландық офицер сайыс барысында өз қарсыластарына дес бермей, жүлделі бірінші орынды иеленді.

«Бұл –  ерекше спорт түрі. Жекпе-жек алдында спортшылар кедергілерден өтуі керек. Мен үшін бұл жарыс өте сәтті өтті. Қажырлы еңбегімнің арқасында мен бүгін Әлем чемпионы атағына ие болдым. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековке және Бас қолбасшылыққа алға жылжуыма және жаңа биіктерге қол жеткізуіме қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын», - деді аға лейтенант Ержан Әбікеев.

Жарыс соныңда жүлдегер атанған барлық спортшыларға арнайы сыйлықтар мен кубоктар және медальдар табыс етілді.