Спорт

«Үлкен бақыт»: Олимпиадада Қазақстанның туын ұстап шыққан тұңғыш спортшы Қайрат Биекеновпен сұхбат

Шаңғымен тұғырдан секіруден 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қысқы Олимпиадасында ту ұстап шығу мәртебесін иеленген, бүгінде ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Биекенов Elordainfo.kz сайтына өз естелігімен бөлісті.

- Сізді 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиадасы саналған Лиллехаммерде көк туымызды ұстап шыққаныңыздан білеміз. Осы маңызды жайт сіздің есіңізде ме?

- Әрине, есімде. Бірінші сыныпқа барған сәтте мұғалімдер әр баланың физикалық ерекшеліктеріне қарай түрлі қабылдап алатын еді. Мен шаңғы тобына жазылдым. Бірде мұғаліміміз армандарымыз жайлы жазуды тапсырды. Сол кезде Олимпиадаға қатысамын деп жазғаным есімде. Уақыт өте келе бастауышта жазған дүнием шындыққа айналды. 1993 жылы Еуропа кубогының қорытындысы бойынша отыздыққа кіріп, қысқы Олимпиадаға баратыным белгілі болды. Қазақстан маған жаңа спорттық киім, аяқ-киім берді. Өмірімде алғаш рет су жаңа құрал-жабдық алғаныма ерекше қуандым. Себебі біз оған дейін қаржылық жағдайымыз қиын болғандықтан, барға қанағат тұтып жүрдік. Ашылу салтанатына арналған салтанатты киімді Алматы қаласындағы беделді Оңтүстік Кореяның дүкенінен алдырды. Ал Adidas атты спорттық формамызды Норвегияға барған соң берді.

- Неге ту ұстау құрметі сізге берілді деп ойлайсыз? Басқа да үміткерлер болды ма?

- Менің білуімше, бастапқыда туды Владимир Смирнов алып шығуы тиіс болған. Ол 1988 жылы Калгаридегі қысқы Олимпиадада 2 күміс, 1 қола иеленген. 1989 жылы әлем чемпионы атанған. Елімізден чемпиондыққа басты үміткер саналды. Алайда жарыс күні мен ашылу салтанатының арасы жақын болғандықтан, бас тартуға мәжбүр болды. Лиллехаммерге барған соң ғана ту ұстау құрметі берілгенін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Олимпиадасында көк туды алып шығу – үлкен бақыт әрі үнемі қуанышпен еске алатын жарқын естелік.

- Сіздің командаласыңыз Андрей Вервейкин ашылу салтанатында КСРО-ның қызыл туын алып шыққан еді. Сіз осы оқиғаны алдын ала біліп пе едіңіз? Келеңсіз жайт Қазақстанға әсерін тигізді ме?

- Андрей Вервейкин өте мықты спортшы болатын. Лиллехаммерде 24-орынға тұрақтады. Бұл нәтижені әлі күнге дейін бірде-бір спортшымыз жаңарта алмай келеді. Оның спорттағы шарықтау кезеңі КСРО кезінде тіркелген. 1989 жылғы әлем чемпионатында 3 түрлі сайыста ТОП-10-ға кіре алғаны дәлел болады. Әрине, мен оның КСРО-ның туын алып шығатынын білмедім. Барлығы бейхабар болды. Бұл жайтқа әлем бар назарын аударды. Саудасы біткен шығар деп едім. Өйткені КСРО дәуірінде қанша мықты спортшы болсаң да, жаттығуға кешігіп қалсаң, құрамадан шығарып жіберетін. Оның қасында Андрей Вервейкин КСРО-ның қызыл туын желбіретіп өтуі мүлдем кешірілместей көрінетін. Бірақ ұйымдастырушылар түсіністік танытып, жарысқа қатысуға мүмкіндік берді.

- Лиллехаммердегі Олимпиадада қандай спортшылар болды? Сол бір сәтті еске түсіріп көрейікші...

- Бірінші кезекте шаңғышы Владимир Смирновқа сенім артылды. Алайда ол 10-15 шақырымдық сайыста күміс жүлде еншіледі. Олимпиаданың ең соңғы күні бүкіл командамызбен Владимирді қолдауға бардық. Ол шаңғының ішінде ең жоғарғы деңгейі саналатын 50 шақырымда қарсыласынан 1 минут 21 секундқа озып, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтынын алып берді. Смирновтың оған дейін 50 шақырымда топ жармағанын ескерсек, бұл әрине ерекше жайт еді. Биатлоннан Инна Шешкельдің қолда тұрған жүлдеден қағылғанын өз көзіммен көрдім. Инна Ресей шаңғышысы, 6 дүркін Олимпиада чемпионы Любовь Егорованың шаңғысын сұрап алды. Өзгенің шаңғысымен ол Олимпиада чемпионы атанып кетуге шақ қалды. Бірақ ол өзі де жүлдеге таласатынына сенбей, қобалжып кетті. Екінші нысана көздеу кезінде 2 оғы мүлт кетсе де, барлығы өз қолында болды. Алайда мәреге 4 метр қалғанда, ол таяғына шалынып, құлап қалды. Салдарынан тек 4-орынды қанағат етті. Биатлонның сол кездегі халықаралық федерациясының президенті Иннаға «Жолы болмаған спортшы» номинациясын табыстады.

- Сіздің нәтижеңізге қарасам, үлкен тұғырдан секіруде 58 спортшының арасынан ең соңғы орын алыпсыз. Неге нәтижеңіз төмен болды?

- Олимпиадаға Алматы қаласындағы 60 метрлік тұғырдан секіру трамплинінде дайындалдым. Ал Олимпиададағы алғашқы жарысымызда одан 2 есе биіктіктен секіруге тура келді. Оның үстіне киіміміз бен шаңғымыз сол кездегіден қарағанда 5 жылдай артқа қалып кеткен болатын.

- Әңгімеңізге рақмет!