Ұландық құрлықтық чемпионатта жауынгерлік самбодан күміс жүлдегер атанды
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қатардағы Арман Тұрымбетов жауынгерлік самбодан Азия және Мұхит аймағы чемпионатында күміс медаль иеленді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ташкент қаласында кадеттерден бастап шеберлерге дейінгі әртүрлі жас санатындағы самбошылар беделді турнирдің жүлделерін сарапқа салды. Жарыстың екінші күнінде қазақстандық спортшылар сенімді әрі жарқын өнер көрсетіп, ұлттық құрама қоржынына бірнеше жүлде салды. Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Арман Тұрымбетов күміс медаль жеңіп алды.
58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік атанған өзбекстандық Лутфилла Сайдаматов алтын медальға ие болса, қола жүлдені түрікменстандық Юсуп Тәңірбердиев пен қырғызстандық Калис Койчуманкулов бөлісті.
«Бұл мен үшін жай ғана медаль емес — бұл халықаралық аренада Қазақстан мен Ұлттық ұланның намысын қорғау мүмкіндігі. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековке, Бас қолбасшылықтың дене дайындығы және спорт бөлімі бастығы полковник Сәтжан Әбішевке және мені қолдаған барша жандарға алғысымды білдіремін. Алда әлі талай жұмыс бар, мен алтынға қол жеткізу үшін бар күшімді саламын»,- деді ұландық.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанды ірі халықаралық ареналарда абыроймен танытып келеді. Мәселен, өткен жылы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Еламан Қойшыбаев самбодан өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.