Конституцияның 30 жылдығына орай елордада спартакиада өтті
Ұлттық ұланда Конституцияның 30 жылдығына арналған спартакиада өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
5573 әскери бөлімінде Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу департаментінің бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай әскерилендірілген спартакиада ұйымдастырылды.
Жарысқа ІІМ-нің төрт департаментінен және Ұлттық ұланның әскери полиция басқармасынан құралған командалар қатысты.
Спорттық іс-шараның ашылу рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Санжар Әділов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мұндай сайыстардың жауынгерлік рухты көтеруге, дене даярлығын арттыруға және жеке құрам арасында командалық бірлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Спартакиаданың бағдарламасы түрлі қызықты сайыстан тұрды. Қатысушылар жеке және командалық жарыстарда күш-қуатын, ептілігін және тактикалық ойлау қабілетін көрсетті. Жеңімпаздар мини-футбол, Макаров тапаншасынан ату, шахмат және үстел теннисі бойынша анықталды.
«Спартакиада барысында ұлттық ойындарға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар арасында асық ату, арқан тарту секілді және т.б. ойындар болды. Бұл бізге яғни қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады», - деді Ұлттық ұланның әскери полиция басқармасынан қатысушы Шыңғыс Макимов.
Тартысты доданың қорытындысы бойынша 1-орынды ІІМ-нің жедел-криминалистикалық департаменті иеленсе, 2-орынға ІІМ-нің тергеу департаменті, ал 3-орынға Ұлттық ұланның әскери полиция басқармасы табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.