Конституция күніне орай бұқаралық жүгіру шарасы өтті
Бүгін Ботаникалық саябақта әуесқой жүгірушілер бас қосты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күні. Осыған орай бүгін қазақстандықтар ресми түрде демалады. Алайда бұл жүгіруді серік еткен жандарға қатысы жоқ. Себебі, таңғы 7-де Ботаникалық саябаққа келушілердің шоғыры өте көп болды.
"Мерекеге орай ұйымдастырылып жатқан жүгіріс шарасында ешқандай жүлделі орын қарастырылмаған. Бірақ бұл спортты серік еткен жандарға тосқауыл емес. 13 шілдеде ғана қала күніне орай ұйымдастырылған шараға 700-дей қатысушы жиналып еді. Бүгін сол сәтті ескере отырып, лотерея билеттерін 1000-ға дейін арттырдық. Алайда оның өзі жеткіліксіз болды. 1300-дей адам тіркелді. Спортқа деген тұрғындардың ынтасы артып жатқаны өте қуанышты жайт. Алдағы уақытта тағы ұтыс билеттерін көбейтуге тырысамыз", - деді, жарыстың бас төрешісі Дәулет Хамзин.
Жүгіріске жиналған қатысушылардың арасында 18 жасқа дейінгілер 1 300 метр қашықтықты бағындырса, ересектер 4 шақырымды жүгіріп өтті.
"Жүгірумен бұрыннан бері айналысамын. Өзгелер секілді аяқ киіммен емес, жалаң аяқ жүгіргенді ұнатамын. Себебі, жалаң аяқ жерді толық сезінесің әрі денсаулыққа пайдалы. Бірақ ол үшін жер таза болу керек. Әйтпесе зақым келу қауіпі одан да жоғары. Ботаникалық саябақ тазалық жағынан талапқа сай келеді. Алайда осы жолды таңдайтындар үшін аз қашықтықтықтан бастауды кеңес беремін", - деп Руслан Терещня өз ойымен бөлісті.
Бұл әуесқой спортшы 4 шақырымды 16 минутта бағындырды.
Спорттық шарада мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медаль беріліп, лотерея арқылы 10 велосипед ойнатылды.