Кәсіпқой бокс кәсіпке айналып барады
Elordainfo.kz сайтының спорт шолушысы, спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы кәсіпқой бокстан жақын арада өтетін жекпе-жектерге тоқталып өтті.
Кәсіпқой бокс дегеніміз, қазақшаға осылай аударылғанымен, бұған дейін ешкімнің кәсібі емес болатын. Бұл спорт түрі – әр жігітке өзінің ер екенін, еркек екенін дәлелдейтін, жан алып-жан беретін «қанды» шайқастан тайсалмайтын, қарсы келетін қарсыласының жұдырығы шоқпар болса да қайтпайтын, бір сөзбен, кері шегінгеннен гөрі сол шаршы алаңда «өлуге бар» боксшылардың өнері еді. Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джорж Форман, тағы басқалар кезінде кәсіпқой бокстағы қарсыластарын ата жауымен шайқасқа барардай бағалап, бокс сүйермендерін бір сәт те орнында тыныш отырғызбай, тыпырлатып қоятын. Ол кезде боксшылардың бұл шайқас үшін алатын сыйқыларының тағдыры да белгісіз еді. Ол кезде бұл қаржы тек жеңімпазға берілетін. Оны әрі бүгінгі сыйақымен салыстыра да алмайсыз. Мұхаммед Әли сонау 1960 жылы кәсіпқой рингтегі Хансакермен өткізген тұңғыш жекпе-жегі үшін 10 000 доллар сыйақы алған. Жалпы әлемде теңдесі жоқ боксшы саналған Мұхаммед Әлидің көзі жұмылардағы бар байлығы 50 000 000 доллар болған. Ондай сыйақыны сонау қыркүйекте болатын бір ғана жекпе-жегі үшін Геннадий Головкиннің «ата жауы» Канело Альвареспен болатын жекпе-жекте Теренс Кроуфорд алғалы отыр! Жалпы, мені осы әңгімеге итермелеген де сол екеуінің – Альварес – Кроуфорд жекпе-жегі. Және де ол жазбам екі боксшының шаршы алаңда жолығатын өз қарсыласын ата жауындай көріп, жұдырық түйіп, тіс қайрап жүріп күтуіне байланысты болады.
Дегенмен, әңгіме кәсіпқой бокс жайлы болған соң енді бір аптадан кейін өткелі отырған онан да қызық жекпе-жек жайлы айтпай кетуге болмайды. Ол – 19 шілде күні Лондондағы өзімнің табаным он рет тиген атақты «Уэмбли» стадионында өткелі отырған Александр Усик пен Даниел Дюбуа арасындағы жекпе-жек. Олай етсем, яғни, олардан аттап өтсем, менің спорттағы сауатымның төмендігін, кәсіпқой бокс секілді өнерді бағалауымның әлсіздігін білдіреді. Ғұмырымда бұл мықтылардың бірнеше жекпе-жегін түбінен көрген мен үшін олардың болашақ жекпе-жектері жайлы ойымды ортаға салып, осы сайттағы оқырмандардың ой-қиялын біле отырғаным артық болмайды деп ойлаймын.
Елдің бәрін демей-ақ қояйын, көбін таң қалдырып, таңдай қақтырып отырған мәселе – осындай «қанды шайқасқа» шыққалы отырған А.Усиктің жасының 38-де екені. 12 раундқа ғана созылатын секілді мұндай жауапты шайқастарда боксшыға рингте өткізетін 12 раунд емес, соған даярланатын 4-6 ай мерзім ауырдың ауыры: бұл кезде ішкен тамағың, ұйықтаған ұйқың, жаттығуың, тынығуың, әйеліңмен қатынасың бәрі есепте болады. Ешқайсысын артық істеуіңе болмайды. Сейіл құру, өзге елге серуендеп кету, дос-жаранмен әләулайлап жүру деген атымен жоқ. Осыларға жан алып, жан беретін 12 раундтық шайқасты қосыңыз: бұл 12 раунд болса 12 адамның ғұмырына тең сынақ.
Сонда дейді, даңқты кәсіпқой бокс білгірі Морган (аты-жөнін өзгертіп алдық): «...Менің түсінбейтінім мынау. Бүгінге дейін 100 000 000-нан артық қаржы жинаған Александр Усикке бұл жекпе-жек неге керек? Жартылай ауыр салмақта да, аса ауыр салмақта да абсолютті чемпион атанды. Бәрін жеңді. Тайсон Фьюриді екі рет сабады, мына Даниел Дюбуаны да ұрып жықты. Жыл сайын жасарып келе жатқан жоқ. Бүгінгі Дюбуа Усик 2023 жылы 9-шы раунда ұрып жыққан Дюбуа емес. Ол толысты, шеберлігін шыңдады, өзі Усиктен 11 жасқа кіші, бұл. Усик үшін қауіпті шайқас. Осы жекпе-жегі үшін Усик 132 000 000 доллар сыйақы алады деп жазылды. Тым көп ақша. Бірақ, ұтылып қалса 132 млн қалтасында қалғанмен, бүкіл абырой-атақ құрдымға кетеді ғой. Онан кейін еліне не бетін айтады? Өзі қансырап жатқан Украина Усикті ақшасы көп боксшы деп емес, ел Батыры деп қолдап отырған жоқ па?! Осыны Усикке айтатын, оны мынадай тайғанақ жолдан қайтарып алатын ақылды қарттың болмағаны ма елінде? Осы жолы ұтылса – бар атағын қайтарып алуға оның ғұмыры жетпейді. Айналайын-ау, бар атақ сенде ғой, енді не керек тағы?! Әлемнің бар ақшасын жинап ала алмайсың ғой».
Отырғанда 90 мың адам сиятын «Уэмбли» стадионында өтетін бұл жекпе-жектің жалыны қазір бүкіл әлемді шарпып тұр. Осыншама адамға билет сатылатын жекпе-жектің ұйымдастырушылары мен демеушілері Усикке 132 000 000 доллар, ал Дюбуаға 71 000 000 доллар сыйақы тігіп отырғаны рас. Әрине, қанша аударып-төңкергенмен адам миына сыймайтын қаржы. Бұл жерде екі боксшының 12 раундтық бір шайқасына 200 000 000-нан артық қаржы тігіп отырған жекпе-жек иелеріне: «Бұл қаржыларыңды Африкадағы аш-жалаңашқа бер!» немесе «Бұл қаржыларыңды қансыраған елдердің сорлы халқына тарат!» деп түсіндіре алмайсың. Бүгінгі әлем – ақылынан адасқан әлем. Олар судай аққан қанда жүзіп жүріп-ақ қызық, думан, той іздейді. Оған мысал мыңнан көп. Келісесің. Келіспегенмен ештеме өзгерте алмайсың. Сенің үнің, дауысың саналмайды да, есепке де алынбайды. Адамдар әлемін ақыл басқарып отырған жоқ. Ақша мен білек күші басқарып тұр!
Жарайды, мен де далаға сөйлеп жатырмын. Келесі жазбамда жоғарыдағы жекке-жекке жетеқабыл Альварес пен Кроуфордтың болашақ шайқасын қауағымда шайқап, балапан шығаруға тырысармын.