Спорт

Көшпенділер ойындарында садақшылар елімізде жасалған оқтарды қолданатын болды

Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына елімізге 35 мемлекеттен 200-ден аса спортшы келеді.  Олар қазақстандық өнімді пайдаланатын болды. Бұл туралы Elordainfo.kz «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына санаулы күн қалды. Бүгінгі таңда ұлттық құрама спортшыларшылары анықталып, қатысушылардың барлығы дерлік дүбірлі додаға сақадай сай.

 «Біздің садақ атушыларға Түркия, Қырғызстан, Моңғолияның мергендері бәсеке тудырары анық. Франция, Италия, Испания, Қытай, Тайланд, Ираннан келетін спортшылар да өте мықты. Дегенмен, біздің спортшылар да осал емес. Жүлдеден үміттіміз», - дейді бас бапкер Диас Ахметов.

Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапеновтың айтуынша сайыста отандық цехта жасалған оқтар пайдаланылады.

«Осы уақытқа дейін ұлттық құрама құрал-жабдықтардың басым бөлігін Түркия, Мажарстан, Ресейден тапсырыс беріп алдыртатын. Кейінгі жылдары еліміздегі өндіріс те жолға қойыла бастады. Алдағы Көшпенділер ойынына отандық өнім «Алтын жебе» атты цехтың шығарған оқтарын қолданамыз. Сол үшін халықаралық стандарттарға сай жасалған 2000-нан аса оқ дайындап қойдық», - дейді дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрама мүшесі Ербол Тапенов.

Дәстүрлі садақ атудан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын 10 спортшы қорғайды. Ұлттық құраманың мүшелері де дайындық барысында отандық өнімді пайдаланып, жаттығуларын пысықтап жатыр.