Спорт

Көшпенділер ойындарында қанша спорттық ат пен құс болады

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын жануарларды орналастыруға арналған барлық орындар қажетті ветеринариялық-санитарлық стандарттарға сәйкес келеді. Бұл туралы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көшпенділер ойындарына шамамен 560 спорттық ат қатысады.

«Олардың 114-і – ұлттық құраманың барлық спорт түрлеріндегі аттары, 300-і – көшпенділер ойындарына қатысатын командаларға жалға беруге алынып, дайындалған жылқылар, Қырғызстан, Моңғолия, ҚХР сияқты басқа елдерден өз тұлпарларымен келе жатқан командалар бар. Көшпенділер ойындарына қатысатын жылқылар «Арғымақ» ат спорты кешенінде және «Қазанат» ипподромында орналастырылады», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Ал дәстүрлі аңшылық өнер сайысына («Құсбегілік») 45 жуық құс қатысады. Бұл ұлттық құраманың құстары, сондай-ақ Моңғолия мен Қырғызстаннан қырандар, сұңқарлар мен қаршығалар әкелінеді деп күтілуде. Құстар Астаналық циркте орналастырылады.