Ислам Сәтпаев кезекті рет Қазақстан чемпионы атанды
Алматы облысында нысана көздеуден ересектер арасында ел біріншілігі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, чемпионаттың алғашқы күнінде пневматикалық винтовкадан 10 метрге оқ ату жарысы өтті.
Ерлер арасындағы сайыста Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев топ жарып, кезекті мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ол финалда 251.8 ұпай жинап, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.
Күміс жүлдені Константин Малиновский (248.0 ұпай), ал қола жүлдені Дмитрий Ким (226.6 ұпай) иеленді.
Айта кету керек, жеңіс тұғырынан көрінген үш спортшы да Алматы қаласының намысын қорғады.
Ертең жарысты әйелдер жалғастырады. Олар да дәл осы жаттығуда өзара мықтыны анықтайды.
Чемпионатқа еліміздің 8 өңірінен 170-ке жуық мерген қатысып жатыр. Бұл додада үздік шыққандар Шымкентте өтетін Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың сапына енеді.