Спорт

«Интер» және «Барселона»: Жартылай емес, толық финал

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы алты таймға созылып, 13 доп соғылып, ғаламат нәтижемен аяқталған УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші жартылай финалына шолу жасады.

«Барселона» мен «Интер» командаларының Барселона қаласында өткен алғашқы жартылай финалдық ойындарының өзі футболды өз өмірінен де артық көретін жанкүйер атаулыны жеті күн бойы тілсіз қалдырғаны рас.

Бұл жұптың жампозы саналған «Барселона» командасы ол жолы 3:3 есебіне тәуба деген болатын. «Интер» енді Миландағы «Сан-Сиро» стадионында екінші таймды голмен ашып, ұзамай есепті 2:0-ге жеткізді. Бітті-ақ қой дегенбіз. Бітпепті!

«Барселона» өйтпесе «Барселона» бола ма? Ұзамай есеп 2:3 (!) болып тұрды. Ойын енді осылай аяқталды-ау деген кезде «Интер» жігер танытты: есеп – 3:3! Екі ойындағы төрт тайм аз болғандай, тағы екі тайм белгіленді.  

«Интер» тағы гол соқты – 4:3! Осы сәтте Табиғат та өзін-өзі ұстай алмады: нөсер жауын төгіп жіберді. Қанша жан алып-жан бергенімен – «Барселона» гол соға алмады. Екі кездесуде 6 тайм ойнап, 13 гол соғылған ойында Италияның Милан қаласының «Интер» командасы Чемпиондар лигасының финалына шықты.

Ал, бұл жартылай финал – шын мәнінде жартылай емес, толық финал болды деп айта аламыз! Бұл сөзімді футболды құлай сүйгендер ғана түсінеді.