Спорт

ҚХЛ: «Барыс» бүгін «Локомотив» клубын қабылдайды

«Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу Астана уақытымен 19:00-де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Екі команда бұған дейін 31 мәрте кездескен. Оның 10-ы елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында қарсылас команда жеңіске жеткен.

Кейінгі бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберді.

Биыл «Барыс» он кездесудің бесеуінде басым түсіп, қалғанында жеңіліс тапты. Ал «Локомотив» он кездесудің жетеуінде қарсыласын қапы қалдырды.

Турнир кестесінде «Барыс» 11 ұпаймен 12 орынға жайғасқан.

Енді елордалық клуб алдағы үш ойынын сырт айдында өткізіп, Ресейде 5 қазанда «Сибирь» (Новосібір), 7 қазанда «Ак Барс» (Қазан), 9 қазанда «Трактор» (Челябі) командаларына қарсы өткізеді.

Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко және өзге де ойыншылар келісімшартқа қол қойды.