Харбин-2025: Қысқы Азия ойындарында ел намысын қанша спортшы қорғайды
ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы қабылдамақ.
Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жарыстары жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді.
Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1 147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды.
«Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына 3 айдан аз уақыт қалды. Бұл біз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль жеңіп алған. Сөйтіп жалпы командалық есепте 2-орынға ие болдық. Қазақстан қысқы Азиадаға 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта біздің атлеттер 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.
Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.
1. Биатлон – 10 спортшы;
2. Кёрлинг – 12 спортшы;
3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;
4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;
5. Шорт-трек – 12 спортшы;
6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;
7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;
8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;
9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;
10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;
11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы.