Спорт

Геннадий Головкин әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында ҰОК басшысы спортшыны 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалімен құттықтады.

Оқи отырыңыз: Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен ХХІ ғасырдағы тұңғыш қазақстандық әлем чемпионы атанды

Еске сала кетейік, Айдос Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, соңғы 26 жылда және XXI ғасырда Қазақстанның грек-рим күресіндегі алғашқы алтын жүлдесін ел қоржынына салды.

«Айдос жоғары шеберлік пен табандылық танытты. Оның жеңісі - көп жылғы еңбектің және мақсатқа жүйелі түрде ұмтылудың нәтижесі. Бұл жетістік тек грек-рим күресі үшін ғана емес, жалпы қазақ спорты үшін де үлкен маңызға ие.

Енді осы қарқынды сақтап, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындықты жалғастыру қажет.

Ұлттық Олимпиадалық комитет өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Айдосқа жаңа олимпиадалық маусымда сәттілік пен табыс тілеймін», - деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали бұған дейін де 2018 және 2022 жылдары әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ оның еншісінде құрлық біріншілігіндегі жеңіс те бар.