Спорт

ҚФФ президенті футзалдан Қазақстан құрамасымен кездесті

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров ЕУРО-2026 іріктеу турнирі аясында өтетін Даниямен матч қарсаңында футзалдан Қазақстан құрамасының бапкерлік штабы және ойыншыларымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Марат Омаров бас бапкер Какамен және ойыншылармен сөйлесіп, команда мүшелерінің көңіл-күйін білді. Алдағы маңызды матчқа сәттілік тілеп, құраманың басты мақсаты – Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу екенін айтты.

Сондай-ақ Марат Талғатұлы елімізде футзалдың танымал екенін, халықаралық аренадағы жетістіктері жас спортшыларға үлгі екенін атап өтті. Бұған қоса, футзалдың одан әрі дамуына басымдық беруге ҚФФ жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.

Еске сала кетейік, бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Дания құрамасын қабылдайды.

Ойын Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Басталуы – 19:30.