Спорт

Эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

Астаналықтар Эстонияның Тарту қаласында өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлерін әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

22-24 қараша күндері аралығында өткен әлемдік додада 19 елден 447 спортшы жүлдеге таласты. Қазақстан атынан 6 команда сынға түсіп, нәтижесінде ересектер санатында (Senior) Samruk командасы мен жасөспірімдер санатында Alan-Junior қола жүлдені жеңіп алды. Бұл қос команданың биылғы жылдағы алғашқы жетістігі емес. Бірер ай бұрын Гонконгте өткен Азия чемпионатында командалар жүлде тұғырынан көрінген болатын.

«Әлем чемпионатының алдында жүлделі орын алуды жоспарлап, аянбай еңбек еттік. Эмоция мен тартысқа толы бәсеке болды. 3-орын үшін талас Украина мен Қазақстан командаларының арасында өрбіп, өзіміздің мықты екендігімізді дәлелдей алдық. Жетістікке бапкер, академия, ата-анамыздың қолдауының арқасында жеттік. Сондықтан оларға деген алғысымыз шексіз», - деп команда мүшесі Ақерке Оңғарбай пікірін білдірді.

Айта кетейік, эстетикалық гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2019 жылдан бастап жыл сайынғы әлем чемпионатына тұрақты түрде қатысып келеді. 2022 жылы Аустриядағы жаһандық додада командалық сайыс бойынша қола жүлдеге ие болса, 2023 жылы Азия құрлығынан Алматы қаласы бірінші мәрте 16 мемлекеттің қатысуымен өткен әлемдік бәсекені өз жерінде қабылдап, жасөспірімдер санатында Астана қаласының «Самұрық» командасы тұңғыш рет қола жүлдеге алған еді.