Спорт

Ермұхамед Мәулен: Елімізде бұқаралық футболды дамытуға біршама маңызды қадамдар жасалды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың басында Ana tili газетіне ауқымды сұхбат берген еді. Осы орайда танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен өз ойымен бөлісті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы Ana tili газетіне берген сұхбатында өткен жылы бұқаралық спортты дамыту барысында көптеген іс-әрекеттер атқарылғанын айтқан болатын. Осы орайда елімізде бұқаралық футболды дамытуға біршама маңызды қадамдар жасалды. Қазақстан футбол федерациясы ALAŇ жобасы аясында 2024 жылы Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған, Қызылорда, Атбасар, Саран қалаларындағы стадиондарда халықаралық стандарттарға сай жаңа төсеніштер төселді. Бұл балалардың қауіпсіз жасыл алаңдарда доп теуіп, бұқаралық футболдың дамуына үлкен үлес қосады. Оның үстіне көптеген жаңа төсеніштер моноқалалар мен жаңадан құрылған облыстарда салынды. Бұл қадам жас балаларға керемет мүмкіндіктер ашады. Дәл қазіргі сәтте қазақ футболына ең керегі - инфрақұрылым. Алдағы жылдары бұл шешім үлкен жемісін береді деген сенімдемін», - деді Ермұхамед Мәулен.

Спикер футболдан бөлек, өткен жылы ауылдағы спортты дамытуға да көңіл бөлгенін айта кетті.

«Auylsport жобасы аясында ауылдағы балалар мен жасөспірімдерге арналып бокс, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат үйірмелері ашылды. Отандық спорт тарихында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің көпшілігі ауылдан шыққан. Бұл керемет бастама», - деді Ермұхамед Мәулен.