Спорт

Астаналық спортсүйер қауым үшін 31 желтоқсанда бұқаралық жүгіру ұйымдастырылады

Елордада Жаңа жылдық мерекеге орай 31 желтоқсан күні бұқаралық жүгіру өтеді. Бұл туралы бүгін Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Соңғы 2 жылда өткізіліп келе жатқан жарыс биыл 31 желтоқсан күні Ботаникалық саябақта өтеді.

«Жаңа жылдық кешкі мерекелік бұқаралық жүгіру – бұл ерекше атмосферада өтетін спорттық шара. Ол жыл соңында қала тұрғындары мен қонақтарын біріктіріп, Жаңа жыл қарсаңында салауатты өмір салтын қолдауды көздейді. Оған кез келген адам қатыса алады. Сондай-ақ, Жаңа жылға орай креативті киімдер киіп, өздеріне және өзгелерге мерекелік көңіл-күй сыйлай алады», - деді Исламбек Байманов.

Қатысушылардың еңсеретін қашықтығы 2025 метр. Жүгіру соңында барлық қатысушыларға естелік медальдар беріледі.