Спорт

Елордада «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтіп жатыр

Астанада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық баланың қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтуде. Бұған дейін осындай фестивальдер елдің 18 өңірінде ұйымдастырылған болатын. Енді іріктеу ойындарының жеңімпаздары финалдық кезеңге қатысу үшін бас қалаға жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі Amanat партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.  

Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова азаматтар, соның ішінде өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы керек екенін айтқан болатын. Партиямыздың бастамасымен өтіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуге, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, сондай-ақ олардың қатарластарының арасында түсіністік қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай іс-шаралар арқылы біз инклюзивті қоғам құруға, балалардың таланттарын дамытуға және олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға нақты қадамдар жасап жатырмыз», – деді ол.  

Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова балалар спортын дамытудың маңыздылығына тоқталып, ведомство басшысы Ғани Бейсембаевтың атынан фестиваль қатысушыларына арналған құттықтауды оқыды.

Фестиваль аясында қатысушылар жеңіл атлетика, бочча және эстафета бойынша сынға түсті. Іс-шараға еліміздің 16 өңірінен 189 бала тіркелді, олардың 63-і ерекше қажеттіліктері бар балалар.  

«Бұл фестиваль маған жаңа достар табуға, өзімді мықты сезінуге және жаңа спорт түрлерін меңгеруге көмектесті. Осындай іс-шаралардың арқасында біз бір-бірімізді қолдап, баршамыздың тең екенімізді түсінеміз», – дейді жарысқа қатысушы Аружан Сейтқасым.