Елордада «JAILY MEKTEP BARYSY-2024» турнирінің жеңімпаздары анықталды
Астанада 25 қазан – Республика күніне орай қалалық Білім басқармасының қолдауымен Qazaq kuresi Ассоциациясының және №106 орта мектебінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында қазақ күресінен тұңғыш рет «JAILY MEKTEP BARYSY-2024» турнирі өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа қатысуға 150 оқушы өтінім берген. Қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Екі күнге созылған жарыста «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан, ең үздік нәтиже көрсеткен 20 оқушы турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алды.
Қала мектептері арасында өткен турнирге халықаралық, республикалық деңгейде еліміздің көк байрағын желбіреткен танымал жеңімпаз спортшылар, жаттықтырушылар, спорт шеберлері төрелік етті.
Турнир талай жастың бағын ашты Сарыарқа ауданының Бейбарыс Сұлтан көшесінде орналасқан №106 мектептің спорт залында өткен турнирдің финалдық кезеңі және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты кезінде еліміздің Туы әкелініп, үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен ел Әнұраны ойналды, мектеп педагогтары, төрешілер, спортшылар жүрек тұсына қолын қойып, гимнді бірге шырқады.
Спорт – тек шыныққандардың нәтижесін көрсетіп қана қоймайды, елін сүйетін шынайы патриоттарды тәрбиелейді. Бүгін осыған анық көзіміз жетті. Қазақ күресінен ел спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес, ал мектеп табалдырығын аттаған жас өрендердің ұлттық спортқа деген қызығушылығы шынында да бізді айрықша тамсантты. Финалда бірнеше жеңімпаз оқушымен тілдескен едік.
«Мен 8 жасымнан осы қазақ күресіне қатысамын. №106 мектебінің 6-сыныбында оқимын. 6 рет, 7 рет жарыстардың, лига ойындарының жеңімпазы атандым. Бүгін осы турнирдің финалында күресемін, жаттықтырушым – Азамат Меңдібай. Спорт арқылы көптеген достарды таптым», - дейді Арсен Ыса.
«Осы сайыс маған қатты ұнап жатыр. Себебі, бұл турнир біздің мүмкіндіктерімізді саралап, тағы да дайындықты күшейту керектігін ұқтырды. Мен де бірнеше дүркін лига ойындарының жеңімпазымын, бүгін де финалға жолдама алып, қуанып тұрмын, маған спорттың осы түрі ерекше ұнайды, бізді қолдаған ұстаздарымызға, жаттықтырушымызға рахмет айтамын», - дейді оқушы Нұрислам Бейсенғали.
«Сегіз жасымнан бастап қазақ күресіне қатыстым, қалалық, республикалық турнирлердің чемпионымын. Төрешілер дайындығымды бағалап, финалист болғаныма қатты қуанып тұрмын. Алдағы уақытта да ірі жарыстарға қатысып, елімнің байрағын көкке желбіретсем деймін», - дейді Ерсұлтан Тұрмұхаммед есімді оқушы.
«Мен де жарыс турнирлері мен лига ойындарының әрқайсысынан үш-төрт дүркіннен чемпион атағын қорғаған спортшымын. 32 кг салмақта досым екеуміз финалға жолдама алғанымызға өте қуаныштымыз. Күреске келуіме ағамның ықпалы болды, ол да осы қазақ күресіне қатысады. Алдағы уақытта биік белестерге жетсем деймін, сабағымды да жақсы оқуға тырысып жүрмін», - дейді Нұрбек Рахманберді.
«JAILY MEKTEP BARYSY-2024» іс-шарасының басы-қасында жүрген Нұрсұлтан Болат қазақ күресінен ҚР спорт шебері, республикалық бірнеше жарыстың жеңімпазы. Бүгінде №106 орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазақ күресіне қатысушы оқушылардың бапкері болып жұмыс істейді. Жаңа жайлы мектепке алты жылдық бапкерлік тәжірибемен келіп отырған спортшы.
«Мектебімізде қазақ күресі залы бар, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдап, спорттың қыр-сырын үйретіп жатырмыз. Осы турнирге қаламыздағы 23 мектептен 130 бала қатысып отыр. Қалалық деңгейде өткен жарысты алдағы уақытта республикалық деңгейде ұйымдастырсақ дейміз», - деді турнирді ұйымдастырушылардың бірі Нұрсұлтан Бауыржанұлы.
Жаңа жайлы мектеп – үздік жоба
Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып отырғаны мәлім. Жайлы мектептер салудың негізгі мақсаты – оқушыларға арналған жаңа орындар ашу, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою десек, бұл іс №106 мектепте үздік үлгіде іске асырылуда.
«Жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашқан мектебімізде 3 176 бала білім алса, 200 бала мектепке даярлық тобында оқиды. Мектепте жоғары білімді, білікті 175 мұғалім жұмыс істесе, техникалық қызметкерлер саны – 60», - дейді мектеп директоры Гүлсан Жаманқараева.
«Биылғы түлектердің саны – 61 болса, олардың арасынан екі оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер, үш «Үздік аттестат» иесі шығады деп отырмыз», - дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айсәуле Қанатқызы.
Жаңа мектеп болса да оқу орнында өнерлі оқушылардан құралған ұлттық музыкалық аспаптар оркестрі жұмыс істейді. Балалардың күй тартқан өнерін тамашалап қуанып қалдық. Көркемдік жетекшісі – Мақсат Есім.
Жарыстың жұлдызды сәті
Турнирдің ашылу салтанатына Астана қаласы Білім басқармасынан, Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығынан Садық Аяшев, елордадағы Qazaq kuresi Ассоциациясы Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Айбат Сейтен турнирдің құрметті қонағы ретінде қатысты.
«Қазір елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жастарға бай тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттау – халық денсаулығын нығайтудың негізгі факторы, тәрбиенің бастауы», - дейді Айбат Төленбекұлы.
Тəуелсіздік алған кезден бастап елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде қазақ күресі, тоғызұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ұлттық ат жарысы түрлерімен айналысатындар саны артты.
Статистикаға сүйенсек, ұлттық спорт түрлерінің тұрақты дамуы байқалады. Ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны жылдан жылға көбейіп келеді.
Ал өткен жылдың соңында қазақ күресі, құсбегілік, асық ату және тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді.
Астанада бұқаралық спортты дамытуға жіті назар аударылады. Қалада спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 1 081 ұйым жұмыс істейді, 600 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл қала халқының 39,1%-ын құрайды.
Қалада балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебі бар. Оларға 8 758 бала барып жүр.
Бүгінгі таңда қалада спорттың 34 түрі бойынша 931 секция жұмыс істейді. Балалардың көбі шахмат, дзюдо, каратэ, бокс, футбол және көркем гимнастикаға барады.
Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хат, медаль және бағалы сыйлықтар табысталып, турнирде үздік шыққандар марапатталды.
Жеңімпаздар салтанаты
Қазақ күресінен мектеп оқушылар арасында «JAILY MEKTEP BARYSY» қалалық турнирінде жеңімпаз атанған оқушылар:
26 келі салмақта жеңімпаз атанғандар:
1-орын Кенжетай Нуредин (№52 мектеп);
2-орын Бекжан Дүйсенбай («Жастар» ск);
3-орын Нұрәли Құттыбай (Қарағанды облысы);
3-орын Асылжан Сағынтай («Жастар» ск).
29 келі салмақтағы жеңімпаздар:
1-орын Нұрислам Бекбота (№78 мектеп);
2-орын Жұмабек Еламан («Жастар» ск);
3-орын Дінмұхаммед Мұсағали («Батыр» ск);
3-орын Нұрзат Битуған (№78 мектеп).
32 келі салмақ бойынша үздік нәтиже көрсеткендер:
1-орын Нұрислам Бейсенғали (№106 орта мектеп);
2-орын Нұрбек Рахманберді (№106 орта мектеп);
3-орын Бақытжан Жанәли («Жас мұқан» ск);
3-орын Байшуақ Ерасыл (Ақмола облысы).
35 келі салмақта өнер көрсеткендер:
1-орын Ерсұлтан Тұрмұхаммед (Астана қаласы);
2-орын Нұрсұлтан Жұмабек (№106 орта мектеп);
3-орын Рамазан Мейрам («Жастар» ск);
3-орын Дайырхан Төрехан (№52 мектеп).
38 келі салмақтағы жеңімпаздар:
1-орын Арсен Ыса (№106 орта мектеп);
2-орын Бизат Құмарбек («Батыр» ск);
3-орын Нұрәли Жұмаділда (№67 мектеп);
3-орын Арсен Қасым (№78 мектеп).
42 келі салмақтағы мықтылар:
1-орын Айболат Есімбек (№71 мектеп);
2-орын Серік Ерасыл (№51 мектеп);
3-орын Айқын Болат (№78 мектеп);
3-орын Руслан Орынбай («Жас мұқан» ск).
46 келі салмақта жеңімпаз атағын иеленгендер:
1-орын Расул Бауыржан (Арқа алаңы);
2-орын Нұрбақыт Мамыр (№67 мектеп);
3-орын Нұрдәулет Абдуқасым («Жас мұқан» ск);
3-орын Таир Егенберді («Жастар» ск).
50 келі салмақтағы үздіктер:
1-орын Дамир Жанат («Жастар» ск);
2-орын Нұрсұлтан Асылбеков («Жастар» ск);
3-орын Ерасыл Құрбанәлі (Ақмола облысы);
3-орын Алтынбек Демеуов (№83 мектеп).
55 келі салмақта өнер көрсеткен өрендер:
1-орын Әлихан Оразбаев («Жастар» ск);
2-орын Жомарт Қойшыбай (Алаш батыр);
3-орын Әлімхан Жұмағали (№83 мектеп);
3-орын Бексұлтан Төребек (Өркен).
+55 келі салмақтағы жеңімпаздар:
1-орын Серікбай Бөкейхан (№24 мектеп);
2-орын Ильяс Мекей (Қажымұқан);
3-орын Әділ Тәңірберген («Жастар» ск);
3-орын Батыр Русланұлы (№83 мектеп).
P.S. Айтулы жарыс Астанада ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттау және оқушылар арасында салауатты өмір салтына ынталандыру мақсатында өткізіліп отырғаны белгілі. Қазіргі кезде қазақ күресі күллі Қазақстанда қарыштап дамып келе жатқаны да баршаға мәлім. Әлемдік және құрлықтық додаларда үздіксіз ұйымдастырылуда. Қазақ күресінде төрттаған немесе ауырту және қылқындыру тәсілдері жоқ. Бұл – тік тұрып күресетін нағыз бекзада өнер. Ендеше, турнирдің болашағы өрісті, спортшыларымыз кең тынысты бола бергей деп тілейміз.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ