Спорт

Елордада өңірлік спорт басқармаларының қатысуымен кездесу өтті

Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, ведомствоға қарасты ұйымдар мен ұлттық спорт федерациялары өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының спорт саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігі «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңын әзірлеп, қабылдады. Аталған заң биылғы маусым айында күшіне енді. Кездесу барысында саланы басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа заңның негізгі ережелері талқыланды.

Министр ұлттық спорт федерациялары, бапкерлер мен спортшылар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол орталық құрылымдар мен өңірлік мамандар арасындағы байланыстың, түсіністіктің болмауы кей кезде шиеленістің артуына, сенімсіздікке және дау-дамайға алып келетінін атап өтті.

Осыған байланысты Ербол Мырзабосынов бапкерлер мен спортшылар қауымдастығымен кері байланыстың жүйелі әрі ашық моделін құруды, олардың пікірі, мәселелері мен ұсыныстарын ескеруді тапсырды,- делінген министрліктің хабарламасында.

Сондай-ақ министр халықаралық мамандарды, беделді сарапшыларды, танымал спортшылар мен спорт ардагерлерін федерациялар жұмысына белсенді тартудың маңызын атап өтті. Бұл тәжірибе алмасуға ғана емес, бапкер мен спортшы мамандығының беделі мен сенімін арттыруға да септігін тигізеді.