Спорт

Елордада бокстан республикалық турнир басталды

Астанадағы Beeline Arena спорт сарайында «Қазақстан бокс федерациясының кубогы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ашылу рәсіміне Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов, Астаналық бокс федерациясының атқарушы директоры Бауыржан Тілеулиев және қалалық Спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев қатысып, жарысқа қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Салтанатты жиында сөз алған қалалық бокс федерациясының атқарушы директоры Бауыржан Тілеулиев турнирдің маңызына тоқталып:

«Бұл жарыс – еліміздің бокс тарихындағы айрықша белестердің бірі. Қазақ боксы – халқымыздың ұлттық мақтанышы, әлем мойындаған бренд. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз команда республикалық финалға жолдама алады. Бұл дода – жас спортшылар үшін үлкен аренаға бастайтын алғашқы баспалдақ», – деді.

Турнирге Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен елорданың намысын қорғайтын 70-ке жуық былғары қолғап шебері қатысып жатыр.

• Ерлер – 8 салмақ дәрежесінде (50, 55, 60, 65, 70, 80, 90, +90 кг)

• Әйелдер – 7 салмақ дәрежесінде (51, 54, 57, 60, 65, 70, 75 кг) сынға түседі.

Айта кетейік бүгін шаршы алаңда іріктеу кезеңіне жолдама алған ең мықты 5 команда өзара бақ сынамақ. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алған команда республикалық жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – елордадағы әуесқой боксты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, әрі ең үздік команданы анықтау.

Жарыс Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, Астаналық бокс федерациясы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Іріктеу кезеңі 4 қазанға дейін жалғасады.

Көрермендер үшін кіру – тегін.