Спорт

Елордада батуттық гимнастикадан ашық чемпионат басталды

Бүгін Астанада батуттық гимнастикадан қалалық ашық чемпионат басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жарыста Астана қаласы әкімдігінің №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері, жергілікті жеке клубтардың спортшылары және Петропавл қаласынан келген 170 қатысушы бақ сынауда.

«Астанада батуттық гимнастикамен 361 спортшы айналысады. Оның ішінде 124 спортшы №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жаттығады. Бүгінгі ашық чемпионат қалада 2-3 жылда бір рет өтеді. Чемпионаттың нәтижесінде үздік спортшылар іріктеліп, Астана қаласының құрамасы жасақталады. Бұл жарыс жас спортшыларға жоғары жетістіктерге жетуге жаңа мүмкіндіктер ашып, қаланың спорттық өмірінде маңызды кезең болып табылады. Сонымен қатар елордада батуттық гимнастиканың дамуына үлкен серпін береді», – деді Астана қаласының Батуттық гимнастика федерациясының атқарушы директоры Нұрбол Тоқпанов.

Спортшылар жасөспірім мен ересектер санатында жүлдеге таласады.

«Батуттық гимнастиканың елорда төрінде дамып жатқанына 7-8 жылдың жүзі болды. Бұл спортқа деген қызығушылықтың артқанын осы жылғы оқуға қабылданған спортшылардың санынан байқауға болады. Жетістіктеріміз де жоқ емес. Мысалы, биыл Гонконгта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жалпы есепте төртінші орынға ие болдық», - деп батуттық гимнастикадан аға жаттықтырушы Елдар Ерланұлы атап өтті.

Айта кетейік, жарыс Қорғалжын тасжолы, 2А мекенжайында орналасқан Батуттық гимнастика орталығында өтіп жатыр. Чемпионат 23 қарашаға дейін жалғасады.