Елордада қайтарылған активтер есебінен стадион салынып жатыр
Прокуратура органдары активтерді қайтару және оларды заңды экономикалық айналымға тарту бойынша жүйелі әрі дәйекті жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осы ретте елордада қайтарылған активтер есебінен Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа заманауи стадионның құрылысы жүргізілуде.
Бұл әлеуметтік нысанды 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылыс аяқталғаннан кейін стадион аумағында футболды дамытуға басымдық беретін мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі орналастырылады.
Мектеп 8 бен 18 жас аралығындағы 750 балаға есептелген.
Жас спортшыларға жаттығу және жарыс процесіне қажетті барлық жағдайлар жасалады: жасанды жабыны бар заманауи футбол алаңы, киім ауыстыратын бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмесі, медицина кабинеті және көрермендерге арналған трибуналар қарастырылады.
Аталған нысан спорттық даярлық сапасын арттыруға, жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және болашақ кәсіби футболшыларды тәрбиелеуге бағытталған.
Айта кетейік, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы прокуратура органдарының ерекше бақылауында.