Дзюдодан әлем чемпионатында 4 жылдан кейінгі нәтиже қайталанды
Бүгін Мажарстан астанасы Будапештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты ресми түрде аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz
Даңқты боксшы, 3 дүркін Олимпиада чемпионы Ласло Папп атындағы спорт кешенінде өткен жаһандық додада әлемнің 93 елінен 556 дзюдошы бақ сынап, 15 жүлде жиынтығын сарапқа салды. 13-20 маусым аралығында ұйымдастырылған бәсекеде тек 20 мемлекеттің спортшылары жүлде тұғырына шықты. Олардың арасында Қазақстан да бар. Еліміздің атынан барған 12 спортшының ішінен жүлдеге үміткер Әбиба Әбужақынова ғана үмітті ақтап, үшінші мәрте әлем чемпионатының медалін мойнына тақты.
Қазақ әйелдерінің жоғары жетістігі
48 келі салмақта Әбиба Әбужақынова бұған дейін 3 жыл қатарынан жартылай финалға жеткенімен, тек екеуінде ғана қола жүлдегер атанған еді. Қағаз жүзінде де отандасымызға жүлде алу қиынға соғатындай көрінген. Париж Олимпиадасының финалистері жарысқа қатыспаса да, «алтынға» үміттілердің қарасы көп болды. Оның үстіне жеребе барысында чемпиондыққа басты фаворит Вакана Кога (Жапония) мен Әбиба бір тарапқа түсті. Әлемдік рейтингте 4-орында тұрған жерлесіміз жарыс жолын бірден екінші айналымнан бастап, бейтарап елдің өкілі Мария Воробева мен бельгиялық Луи Петиден айласын асырды. Ал ¼ финалда әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Вакана Когамен белдесті. Алғашқыда жапон спортшысы «юко» ұпайымен алда келе жатқан. Бірақ соңғы минутта қарсылас үшінші ескертуін алып, жеңіс автоматты түрде Абибаға берілді. Жартылай финалда жерлесімізді тағы бір ыңғайсыз балуандардың бірі Лаура Мартинес күтіп тұрды. Өйткені Париж Олимпиадасының ширек финалында аруымыз дәл осы спортшыдан өте алмап еді. Бұл жолы да жеңімпаз ескерту саны бойынша анықталып, Әбибаның бағы жанды. Осылайша, араға 4 жыл салып, Қазақстан атынан дзюдошымыз чемпиондыққа таласуға мүмкіндік алды. 2021 жылы Ғұсман Қырғызбаев күміс жүлде алса, осы жолы Әбиба қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет финалға шықты. Ақтық сында жерлесіміз Италия атынан келген Ассунта Скуттомен жолы түйісті. Бұл спортшы 2024 жылы да финалға дейін жетіп, күміспен күптелген болатын. Ал 2023 жылы Әбиба мен Ассунта өзара қола жүлдеге таласып, италиялықтың жолы болған еді. Белдесу барысында соңғы минутта берілген «юко» ұпайы кездесудің тағдырына түбегейлі әсер етті. Кеткен есенің орнын толтыруға ұмтылған Әбиба Әбужақынова қарсы әдіске түсіп қалды. Күміс жүлде!
Жаһандық доданың өзге күндерінде жүлде бұйырмағанымен, бірқатар спортшыларымыз да соңына дейін барын салды.
Париж Олимпиадасындағы Елдос Сметовтың тарихи алтынынан кейін көпшілік Мағжан Шамшадин мен Шерзод Давлатовтың аяқ-алысын аңдыды. Шерзод бірінші айналымда әлем чемпионатының 2 мәрте жүлдегері Ха Рим Лиге (Оңтүстік Корея) жол берсе, Мағжан 7-орынға табан тіреді. Бірақ ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Франциско Гарригосты 10 секундта «иппонға» түсіруімен есте қалды.
66 келіде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 2025 жылдағы екінші жарысына қатысса да, қарсыластарынан кем түспеді. Ғұсман бастапқы екі қарсыласын жеңгенімен, ширек финалда тәжік Нұрәли Эмомалиге ескерту саны бойынша жол берді. Өкінішке қарай, жерлесіміз жұбаныш белдесуінде 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы Хифуме Абэден өте алмады.
90 келіде Мейірлан Максим де жеңіске деген құлшынысымен ерекшеленді. Рейтингісі төмен болса да, спортшымыз франциялық Алекс Мэтью мен доминикандық Роберт Флорентиноны жықты. Ал 1/8 финалда әлем чемпионы Гоки Тадзимамен (Жапония) белсенді күресіп, тек шешуші сәтте жарақат алып, жарыстан шығып қалды.
73 келіде Есет Қуановқа жеребе өте қиын түсті. Жерлесіміз бірінші айналымда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, болашақ әлем чемпионы Жоан-Бенжамен Габаданға жол берді.
81 келіде Абылайхан Жұбаназар да 1/8 финалда болашақ әлем чемпионы, бейтарап елдің өкілі Тимур Арбузовқа есе жіберді.
100 келіде Нұрлыхан Шархан екінші айналымда жарыс жолын аяқтаса, Марат Байқамұров 1/8 финалда Париж Олимпиадасының чемпионы Зелим Коцоевтан (Әзірбайжан) өте алмады.
Аса ауыр салмақта да жеребе жолдас болмады. «Қазақстан барысы» турнирінің чемпионы Ерасыл Қажыбаев бірінші белдесуінде әлем чемпионы Ким Минджоннан (Оңтүстік Корея) айласын асыра алмады.
Жарыстың соңғы күнінде аралас командалық сайыста жүлде сарапқа салынғанымен, Қазақстан құрамасы Бразилияға 0:4 есебімен есе жіберді.
Қандай қорытынды шығарылды?
Париж Олимпиадасынан кейін жаттықтырушылар арасында үлкен өзгерістер жасалып, шетелдік мамандар шақырылған еді.
«6 айдың ішінде жоғары жетістікке жету мүмкін емес. Иә, аздаған қателіктер бар. Бірақ қазақ дзюдошыларының техникалық шеберліктері көзге көрінеді», - деді Қазақстан құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобадзе.
Әлем чемпионатында неше жүлде алғанбыз?
1993-2025 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы 22 мәрте желбіреді. Сол бәсекелердің 11-інен қоржынымыз бос қайтып, 11 жарыста бағымыз жанды. Жерлестеріміздің арасынан 2001 жылы Мюнхенде 2 қола (Асхат Шахаров пен Асхат Житкеев), 2009 жылы Роттердамда 1 алтын (Максим Раков), 2011 жылы Парижде 1 күміс (Максим Раков), 2013 жылы Рио-де-Жанейрода 1 күміс (Азамат Мұқанов), 2015 жылы Астанада 1 алтын мен 1 күміс (Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев), 2018 жылы Бакуде 1 күміс (Ерлан Серікжанов), 2019 жылы 1 қола (Елдос Сметов), 2021 жылы 1 күміс (Ғұсман Қырғызбаев), 2022 жылы 2 қола (Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова), 2024 жыл мен 2025 жылы тек Абиба Әбужақынова қола мен күміс медальға иелік етті. Барлығы 16 жүлде (2 алтын + 6 күміс + 8 қола).