Джанни Инфантино: ФИФА академиясы – жас футболшылардың арманын жүзеге асыратын маңызды қадам
Халықаралық футбол федерациясының президенті (ФИФА) Джанни Инфантино ҚФФ академиясына ФИФА таланттар академиясы мәртебесі берілуімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгінгі айтулы күн – Қазақстан футбол федерациясы академиясына FIFA Академиясы мәртебесінің берілуімен шын жүректен құттықтаймын.
Менің Қазақстанға соңғы сапарым 2023 жылдың мамыр айында болды. Сол кезде өз көзіммен елдеріңізде футболды дамыту үшін қаншама еңбек атқарылып жатқанын көрдім.
Қазақстанда футболды жақсы көреді. Мұнда спорттың жастарға берер мүмкіндігін түсінетін көшбасшылар бар екені анық байқалады.
Біз ФИФА-ның таланттарды дамыту бағдарламасын үш жыл бұрын бастадық. Оның басты мақсаты – дарынды балаларға олардың тұрмыстық немесе әлеуметтік жағдайына, тіпті қай өңірде өмір сүретініне қарамастан өз мүмкіндігін толық көрсетуге жағдай жасау.
Бұл жобаның ашылуына ФИФА-ның ғаламдық футболды дамыту бөлімінің басшысы Арсен Венгер бастамашы болды. Негізгі идеясы – футболды шын мәнінде әлемдік деңгейге шығарып, барлық елдерде стандартты көтеру және барынша көп балаға кәсіби футболға қадам басуға мүмкіндік беру.
ФИФА Академиясы – жас футболшылардың арманын жүзеге асыратын маңызды қадам. Мұнда жергілікті таланттар анықталып, тәрбиеленіп, дами түседі. Бұл ұлдар мен қыздарға аймақтық қана емес, әлемдік деңгейде де өзін көрсетуге жол ашады.
Біздің мақсатымыз – футбол арқылы балалардың жан-жақты дамуына үлес қосу. Олар тек алаңда жақсы ойын көрсетіп қана қоймай, жауапкершілігі жоғары, қоғамға пайдасын тигізетін тұлға болып өсуі тиіс.
Қазақстандағы бұл академия тәжірибелі әрі білікті маман Виталий Астафьевтің жетекшілігінде жұмыс істейді. Ол 2004 жылы Латвия құрамасы сапында Еуропа чемпионатында доп тепті.
Оның тәжірибесі мен осы жобаның арқасында Қазақстан үлкен жетістіктерге жете алады деп сенемін. Ал біз сіздерді ФИФА-ның басқа да шараларында қуана қарсы аламыз», – деді Джанни Инфантино.