Дінмұхаммед Райымқұл фристайл-акробатикадан әлем чемпионы атанды
Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Дінмұхаммед Райымқұл Алматыда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Дінмұхаммед Райымқұл финалда 104.52 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынға қытайлық Юйхэн Ян (101.79 ұпай) жайғасса, қола жүлдені оның отандасы Чжичен Ян (94.82 ұпай) иеленді.
Айта кетейік, Дінмұхаммед ерлер арасындағы іріктеуде 4-орын алып, финалға өткен еді. Бұл сайыста үздік нәтиже көрсеткен 6 спортшы ақтық сында бақ сынады.
Фристайл-могулдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Алматыдағы әлем біріншілігінде үш медаль еншіледі. Анастасия Городко могул бойынша екінші және параллель могулда бірінші орынды жеңіп алды. Ал Юлия Феклистова мен Денис Раструба аралас командалар арасындағы жарыста күміс медальға ие болды.