Спорт

Дәулет Хамзин: Астаналықтардың көбі шаңғы, велошеру мен жүгіруге қызығушылық танытады

Еліміздің астанасында халықаралық жарыстардан бөлек, апта сайын түрлі бұқаралық спорттық шаралар өткізеді. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі бас төреші ретінде қызмет атқаратын Дәулет Хамзинмен астаналықтардың спортқа деген қызығушылығы туралы сұрап білді.

– Спорт саласында жүргеніңізге ұзақ жыл болды. Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

– Дене  шынықтыру және спорт саласында жүргеніме жалпы 50 жылдай болып қалды. Кішкентай кезімнен спортқа жақын болып, футбол, үстел теннисімен айналыстым. Мектеп құрамасында аудандық, облыстық  жарыстардың бірнеше жүлдесі бұйырды. Одан кейін Целиноград ауыл шаруашылық институтында да осы спорт түрлерін одан әрі жалғастырып, институттың құрамасына кірдім. Студент кезімде-ақ спорт инструкторы ретінде институтта жұмыс атқардым. Кейін Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі маған мұғалім ретінде қалуымды ұсынды. Осылайша 1984 жылы ұсынысты қабылдадым, ал 1987 жылы спорт клубын басқаруды ұсынды. Сол сәттен бастап, барлық спорт түрлерінің ережесін жетік меңгердім. Футболдық жарыстарда төреші болып жүргенімде, Целиноград облысының Спорт комитеті Республикалық турнирлерде қазылық етуге жолдама берді.

– Сізді көптеген жарыстарда төреші ретінде көреміз. Жалпы қандай спорт түрлерінің ережесін жетік білесіз?

– 20 жылдай ЖОО арасында Спартакиада өткізіп жүрмін. Нәтижесінде 10-нан астам спорт түрінің ережесін жетік меңгергенмін. Осы жарыстардың арқасында жастар бір-бірімен танысып, жолдастығын нығайтуда.

– Сіздің қызметіңіз көпке үлгі. Балаларыңыз, жақындарыңыз да сізге қызығып, спортқа өмірін арнағандар болды ма? 

– Жанұяма келсек, жұбайым және қызым ұлым бар. Қызым мектепте оқығанда, жеңіл атлетикаға ден қойды. Ұлым 8-ші спорт мектебінде футболмен шұғылданады. Астана қаласында өтетін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ресми ойындары мен хоккейден «Барыс» хоккей клубының ойындарын жібермейміз.

– Астана қаласына көшіп келушілердің саны жыл сайын артуда. Мысалы, 2014 жылы елордамызда 800 мыңнан астам адам тұрса, қазір ресми тіркелгендердің өзі 1,5 млн-ды құрайды. Бұқаралық спорттық шараларға келушілердің саны көбейіп жатқаны байқала ма?  

– Астана қаласының Спорт басқармасы жыл сайын көптеген іс-шараларды өткізеді. Әсіресе шаңғы, велошеру, жүгірістерге деген тұрғындардың қызығушылығы артып келеді. Барлық іс-шараларда маған бас төреші міндеті жүктелген. Қазір Астана тұрғындары жүгіруге көп көңіл бөледі. Ол үшін біздің қалалық әкімшілік тарапынан жақсы жағдайлар жасауда. Соңғы 10 жылдың ішінде дене жаттығуымен айналысуға мүмкіндік беретін Ботаникалық саябақ, Триатлон саябақтары ашылды. Осы саябақтардың арқасында көшелерді жаппай-ақ көптеген спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік туды. Тұрақты спорттық жарыстардың нәтижесінде тұрғындар арасында да спортты өмірдің бір бөлшегі ретінде көретіндердің қарасы көп. Мысалы, 2014 жылы қаламызда спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі – 182 261 (21,5%) адамды құраса, ал 2023 жылы 551 692 (39,1%) адамға артқан.

– Ұзақ жылдық тәжірибеңіз бар білікті мамансыз. Астанада спортты дамытуға және спортпен шұғылданатын жандардың қатарын көбейту үшін тағы қандай жағдай жасау қажет деп ойлайсыз?

– Астанамыз жылдан-жылға көркеюде. Түрлі спорттық нысандардың ашылуы бізді әрине қуантады. Қазіргі кезде 6 аудан бар.Енді осы әр ауданда өзіндік мәдениет мен спорт қалыптасса деймін.  Тағы бір ұсынысым - шаңғы спортын дамыту. Қазіргі таңда шаңғымен тек бір Орталық саябақтағы Ski Club-та ғана дайындалуға болады. Өзге аудандарда да осы спорт түрінен дайындалуға мүмкіншілік қарастырса жақсы болады деп ойлаймын. Себебі, астаналықтардың көбі шаңғы, велошеру мен жүгіруге қызығушылық танытады. Демек бұны қолға алу қажет деп санаймын.