«Чемпиондық рух»: елордада 3х3 баскетболдан жарыс басталды
«Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Олимпиада бағдарламасына енгізілген 3х3 баскетболдан кезекті рет жүлде сарапқа салынады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
4-5 қазан күндері аралығындағы бәсекенің жеңімпаздары «Байқоңыр» ауданындағы «Жастар» сарайында анықталады.
Осы орайда іс-шараның ашылу салтанаты өтіп, грек-рим күресінен екі Олимпиаданың жүлдегері, әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің дептутаты Тілектес Адамбеков, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхаммед Болысбек және т.б. қонақтар жастарға жылы лебізін білдіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
«Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізілгеннен бері осы спорт түрі елімізде қарқынды түрде дамып келеді. Соның бір айғағы – бүгінгі жарысымызға 59 команда тіркелгендігі. Бәсеке барысында ерлер, әйелдер және 16 жасқа дейінгі командалар өзара жеңімпазды анықтайды. Ең көп 36 команда ерлер сайысында тіркелген. 16 жасқа дейінгілер арасында 16 команда, ал әйелдер санатында 7 команда бар. Турнирімізді айшықтайтын тағы бір тұсымыз – бұл жерде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен Франция, Өзбекстаннан да келгендер бар. Нақты фаворитті айту қиын. Жарыс сонысымен де қызық», - деді Kazakh 3х3 Academy ұйымының басшысы Рустам Лукманов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикамызда осы спорт түрі Алматы қаласы мен Атырау облысында жақсы дамыған. Ал Астанада кейінгі жылдары 3х3 баскетболға сұраныс артып келеді.
«Астана – есірткісіз қала» ұранымен мегаполисімізде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында олардың ең көп қызығатын спорт түрін анықтадық. Өздеріңіз білетіндей, Триатлон саябағындағы көпірдің асты, Ботаникалық бақта көше баскетболымен айналысуға мүмкіндік жасалған. Осы орайда біз демеуші тауып, жастарды одан сайын қызықтыру мақсатында түрлі спорттардан сайыстарды өткізіп жатырмыз. Көп жарыстарда тек 1-3-орын алғандар ғана марапатталса, біз барлық қатысушыға арнайы естелік медаль беруге тырысамыз. Осы арқылы біз спортты олардың бойына сіңіруге тырысамыз», - деп Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм өз пікірін білдірді.
Айта кетейік, жарыстың жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрайды.