Бокстан әлем чемпионатында жүлдегер атанған әйелдер құрамасы елге оралды
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері әлем чемпионатынан жүлдемен оралған қаруластары Назым Қызайбай мен Виктория Графееваны әуежайда салтанатпен күтіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алматы әуежайына жүлдегер спортшылардың ата-ана, туған туыстары, жанкүйерлері мен спорттағы әріптестері жиналды.
Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында әуесқойлар арасында өткен бокстан әлем чемпионатында құқықтық тәртіп әскерінің спорттық команда мүшелері өнер көрсетті. Он күнге созылған тартысты додада ефрейтор Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қатардағы Виктория Графеева қола жүлде жеңіп алды.
«Сіздердің жарқын жеңістеріңіз әскердің жеке құрамын қанаттандырады. Ел қоржынына медаль сыйлаған сіздер өзге спортшыларға үлгі боласыздар», - деді 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Нұрлан Сүгірәлиев.
Қос аруды жеңісімен құттықтаған жұртшылық оларға елдің дәмі деп ыстық бауырсақ пен қымыз ұсынды. Жеңімпаздар құрметіне Ұлттық ұлан Алматы құрамасының әскери оркестрі музыкалық шашу тарту етті.
«Дүйім жұрт көз тіккен бұл сында біздің боксшы қыздарымыз жақсы өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иелендік. Осындай сәтте бізге қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша отандастарымызға, соның ішінде Ұлттық ұлан басшылығы мен жеке құрамына алғысымыз шексіз!» - деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктория Графеева.