Спорт

"Төрт" деген баға қоямын": бокстан бас бапкер

Сәуір айында боксшыларымыз Әзербайжанның Баку қаласында «Жібек жолы» мен Хабаровскте К.Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысты. Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарысты қорытындылап, боксшылардың өнеріне баға берді. Elordainfo.kz тілшісі бапкердің әңгімесін тыңдап қайтты. 

- Сәуір айында Әзербайжанда өткен «Жібек жолы» және Ресейдегі Константин Коротковты еске алу халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Жалпы нәтиже көңіліңізден шықты ма?

- Сәуір айындағы жарыстарға "төрт" (жақсы) деген баға қоямын. Әзербайжандағы турнирге ұлттық құраманың 3-4 нөмірлі боксшылары барды. Оның көпшілігі 2003-2006 жылғы спортшылардан құралған. Мысалы, 54 келідегі Бағлан Кенжебектің жасы 20-да. Әйтсе де ол Грузия, Өзбекстан, Ресейдің бірінші нөмірлі өкілдерінен айласын асырып кетті, болашағы бар боксшы. Алдағы уақытта да қуантады деп сенемін. 20 жастағы Нұрбек Мурсал 71 келіде де кезекті рет мықтығын дәлелдеді. Бұған дейін ол Сербиядағы додада 1-орын алып қана қоймай, турнирдің үздік боксшысы ретінде танылып еді. Жастар санатынан енді ауысқан Санжарәлі Бегалиевтің аяқ-алысы көңілден шықты. Финалға дейін іркілмей жетіп, Өзбекстаннан Әзербайжанға ауысқан, 2 дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Саиджамшид Джафаровқа лайықты қарсылық көрсете білді. Бұл турнирде бауырларым 2 алтын, 1 күміс, 6 қоламен бәсекені аяқтап, жалпы есепте 3-орынға тұрақтады.

Ресейдегі турнирге 10 боксшымызды жіберген болатынбыз. 54 келіде Сәкен Бибосынов пен аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай алтын медальға ие болды. 92 келіде Сағындық Тоғамбай күміс медаль еншілегенімен, жеңілді деп айта алмаймын. Себебі финалда жергілікті боксшымен кездесті. Төрешілердің өзінікіне бүйрегі бұрып кетті деп ойлаймын. Қола жүлдегерлердің арасынан Теміртас Жүсіповтің (48 келі) ерік-жігеріне тәнті болдым. Сондай-ақ Жандос Қыдырәлиев (63,5 келі) пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы (67 келі) да жүлдегерлердің қатарына кірді.

- Наурыз-сәуір айларында өткен турнирлерге қарасақ, 55 келі салмақта тартыс өте жоғары деңгейде жүріп жатыр. Нұрсұлтан Алтынбек, Бағлан Кенжебек және Сәкен Бибосынов өз жарыстарында жеңіске жетті. 

- Желтоқсан айындағы жарақатынан кейін қатарға қосылған Сәкен Бибосынов Ресей төрінде 54 келіде жақсы өнер көрсетіп, үш кездесуінде де басым түсті. Жаңа салмақта да ешкімнен осал емес екенін анық аңғартты. Ол ұлттық құрамада екінші нөмірлі боксшы. Көшбасшы – Махмұд Сабырхан. Нұрсұлтан Алтынбек Бразилиядағы әлем кубогының алғашқы кезеңінде топ жарды. Бағлан Кенжебек те жыл басынан бері екі турнирде чемпион атанды. Олардан бөлек, жастар арасында әлем чемпионы Боранбек Бексұлтанды есептен шығаруға болмайды. Бір салмақта мықтылардың жиналғаны бәсекелестікті одан әрі жоғарлатады. 71 келіде де талас күшейіп келеді. 2025 жылы Нұрбек Мурсалдың қарқыны артты. Ересектер сапына ауысқан Төрехан Сабырхан, бірінші нөмірлі, тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов, Фарух Тоқтасынов бар.

- Барлық боксшыларға шетелдік жарыстарда мүмкіндік беруге аса мән бересіз. Қазақстан чемпионатының нәтижесінен бөлек, жыл басынан бері жаңа есімдер шықты деп ойлайсыз ба?

- 2025 жыл басталғалы бері бірнеше халықаралық турнирлер өтті. Жас спортшылардың тәжірибе жинауына, күштерін тексеруге мүмкіндік бердік. Аяқ-алыстары жаман емес. Бразилиядағы әлем кубогында Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) пен Дәулет Төлемісов (85 келі) азулы қарсыластарынан жеңісті жұлып алды. Аса ауыр салмақта Даниал Сапарбай тәжірибесі аз болса да, әлем кубогының финалына дейін жетті. 48 келіде Нұрзат Оңғаров Испанияда алтын медальді мойынына тақты. Қалған жас боксшылардың да болашағынан үлкен үміт күтеміз.

- 67 келіде Дулат Бекбауов бұған дейін тұрақты жеңістерге жетіп жүрді. Кейінгі халықаралық турнирлерде жүлдесіз қалып жүргеніне не себеп болуы мүмкін? Денсаулығына немесе басқа факторларға байланысты алаңдаушылық бар ма?

- Дулат Бекбауов жыл басында Испаниядағы турнирде қола жүлдеге ие болды. Ресейде қабағы жарылып, өкінішке қарай, жарыс жолын жалғастыра алмады. Бірақ бұл турнирлерде боксшыларымызға нақты міндет қоймаймыз. Бастысы тәжірибесін арттырып, қажетті жекпе-жектерін өткізіп алғанын қалаймыз. Ең маңызды жарыстар алда. Сол сәтте тыңғылықты дайындықпен келіп, өздерін көрсететіндеріне сенімдімін.

- Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болған Асыланбек Шымбергенов әлі спорттан қол үзбегені белгілі. Бұл боксшының қайта оралатын уақыты жайлы нақты дерек бар ма?

- Асыланбек жаттығуға кірісіп жатыр. Енді қараша айында өтетін Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер қатарына кірсе, қайта ұлттық құрамаға оралады. Әзірше ол ұлттық құрамада жоқ. 2025 жылғы оқу-жаттығу жиындарына қатыспады. Бірақ өз облысында кішігірім турнирлерде бой көрсетіп жүр деп естідім.

Жуық арадағы ұлттық құраманың жоспары қандай? Алдағы негізгі жарыстар мен дайындық кезеңі туралы айтып өтсеңіз.

- 1-18 мамыр аралығында физикалық дайындыққа байланысты оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Одан кейін 24-31 мамыр аралығында Thailand Open турниріне аттанамыз. Маусым айында Чехиядағы жарысқа қатысамыз. Ал 29 маусым-6 шілде аралығында елорда төріндегі әлем кубогының екінші кезеңінде ұлттық құраманың бар мықтылары жүлдеге таласады. Ең үлкен жауапты жарыс – қыркүйек айындағы әлем чемпионаты.

- Жақында ғана Лос-Анджелес Олимпиадасында жүлде сарапқа салынатын салмақтар белгілі болды. Бұл жайтты қалай қабылдадыңыз?

-Олимпиада бағдарламасында 7 салмақ болатынын шамамен білдік. Бірақ салмақ жағынан өзгерістер болды. 2026 жылғы жазғы Азия ойындары мен Олимпиададағы салмақтар екі түрлі. Енді барлығына дайын болуға тырысамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!