Спорт

«Біз АИТВ-тің таралуына қарсымыз»: Астанада оқушылар мен студенттер спорт түрлерінен жарысты

Бүгін ASPAN спорт кешенінде 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері 4 спорт түрінен өзара сайысқа түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

1988 жылдан бері әлемде 1 желтоқсан АИТВ-ке қарсы күн ретінде атап өтіледі. Ұзақ жылдан бері бұл дертке қарсы ақпараттандыру жүрсе де, кейінгі жылдары Астанада АИТВ-ке шалдықққандардың саны өскен. Мысалы, 2023 жылы 403 жайт тіркелсе, 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша оның саны 409-ды құрап отыр. Оның 70% ер азаматтар болса, 30% - әйелдер. Сондықтан АИТВ-ке қарсы ақпараттандыру үздіксіз жүргізілуі тиіс.

Осы мақсатта ASPAN спорт кешенінде алғаш рет 200-ден астам 9-11-сынып оқушылары мен ЖОО, колледж студенттері волейбол, арқан тартыс, асық ату, ләңгі тебу спорттарынан сынға түсті. Неге бұл санат таңдалды?

«АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі - 20-39 жас аралығында. Себебі көпшілік азамат қарапайым сақтану қағидаттарын білмейді. Интернетте осыған байланысты ақпараттар самсап тұрса да, оқи бермейді. Бүгінгі шарадағы біздің девизіміз – АИТВ-ке қарсы 5 минут уақытыңды бөл. Бұл ақпаратты білу арқылы болашағыңды да сақтай аласың. Оқушылар мен студенттердің көпшілігі спортқа жақын болғандықтан, осы жерді таңдауды жөн көрдік. Бүгінгі насихатымыз өз жемісін беріп, қатысушылар АИТВ-ке қарсы ақпаратты терең түсінеді деп ойлаймыз», - деді Астана қаласы «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК басшысы Қанат Асқаров.

Бұл Астана қаласы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бірінші шарасы емес. Қараша айынан бастап орталықтың қызметкерлері Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт, Білім басқармалары және т.б. ұйымдармен бірлесе отырып, елордада консультация, экспресс-тест өткізуде.

Жарысқа оралатын болсақ, бүгін волейболда 9 команда, асық атуда 16 команда, ләңгі тебуде 10 команда, арқан тартыста 7 команда жүлдеге таласты. Әсіресе, ұлттық ойынымыз – ләңгі тебуде Тәжікстаннан қоныс аударған 10-сынып оқушысы Али Каримов өз шеберлігімен көпшілікті таңғалдырып, 300 ұпаймен қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.

«Ләңгі тебу туған жерім Тәжікстанда да ұлттық ойын ретінде қалыптасқан. Кішкентай кезімнен түрлі әдістер бойынша шебер меңгердім. Астана қаласына 3 жыл бұрын көшіп келдім. Содан бері ләңгі теппей кетіп едім. Бүгін өз мүмкіндігімнен екі есе аз нәтиже көрсеттім. Жалпы өзім волейбол, футбол сынды спорт түрлеріне жақынмын. Салауатты өмір салтын ұстанамын», - деп Кемел Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясының оқушысы Али Каримов өз ойымен бөлісті.

Жарыс жеңімпаздары бүгін анықталып, жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль табысталады.