«Барселонаны жеңгендей қуанды-ау!»: «Қайраттың» жанкүйерлері «Реал Мадрид»-тің парақшасында пікірлерін жаудырды
Осыдан екі күн бұрын Испанияның атақты «Реал Мадрид» футбол клубы Алматыға келіп, команда УЕФА Чемпиондар Лигасы аясында «Қайратқа» қарсы матч өткізгені мәлім. Өкінішке орай «Қайрат» клубы Чемпиондар лигасында «Реал Мадридке» 0:5 есебімен есе жіберді. Осыған орай «Реал Мадрид» Instagram-дағы ресми парақшасында жазбалар жариялаған болатын. Ал жазбалардың астына пікір қалдырғандардың барлығы дерлік қазақстандықтар болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстандықтар жазбаларға жүздеген пікір қалдырған. Олардың әзіл-шыны аралас лебіздерінен, ештеңеге қарамастан, қазақстандық футбол әлеміндегі тарихи оқиғаға, «Реал Мадрид» сияқты әлемнің мықтыларымен ойнаған «Қайрат» клубына деген ризашылық, шетелдік қарсылас командаға да достық пейіл байқалды.
«Сонша қуанады деп ойламадық. Қазақ – қонақты сыйлайтын халық. Әшейін бере салдық сіздерге. Негізі жеңіс біздікі!», «Мбаппенің жүйкесіне тиді біздің Шерхан», «Шерхан деген жолбарысымыздан қорыққан ғой», «Біздің Шерхан бүкіл «Реал-Мадридке» қарсы күресті», «Барселонаны жеңгендей қуанды-ау!», «Барселонаны жеңсе, мұнша пост салмайтын шығар», «Біраздан бері «Қайратты» ұта алмай жүр ме едіңдер, осы сәтті қатты күткен сияқтысыңдар ғой», «40 пост салыпты ғой», «СММ мықты жұмыс істейді екен, «Есесіне пікір жазудан бірінші орын аламыз», «Қазақстанның аккаунты болып кетті ме?», «Louis Vuitton чемодандарыңмен үйлеріңе қайтыңдар енді», «Мбаппе қайтты ма еліне, қой, онда өзіміз отырып бір шай ішейік», «Ойлаңдаршы осынша эмоция берген «Қайратқа» рахмет, кім ойлаған «Реал-Мадридпен» ойнаймыз деп. Қазақ футболы дами берсін! Алға, «Қайрат», алға, Қазақстан! » деп жазды жанкүйерлер.