Спорт

Бүгін бокстан Азия чемпионаты басталады

Бүгін Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы кезекті Азия чемпионатының шымылдығы түріледі. 11 желтоқсанға дейін жалғасатын сары құрлық бәсекесінде ерлер – 13, ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде сынға түседі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әуелгі жоспар бойынша биылғы Азия біріншілігі осыдан екі жыл бұрын аталған доданы қабылдаған Иордания астанасы Амманда өткізілуі тиіс еді. Алайда өңірдегі қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, чемпионат Иорданиядан Таиландқа ауыстырылды. Осылайша, Таиланд Корольдігі 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бокстан Азия чемпионатын өз тарихында 9-мәрте қабылдап отыр.

Биылғы Азия чемпионатының ерекшелігі, сары құрлық додасына алғаш рет Украина боксшылары да қатыспақ. Бұл Азия чемпионатында тіркелген алғашқы жайт болса да, Еуропа чемпионатында өзге құрлықтан, яғни, Израиль, Мысыр сияқты елдердің де боксшылары қатысқан кездер болған.

Қазақстан ерлер құрамасынан Азия чемпионатына қатысатын 13 боксшының екеуі, яғни, Санжар Тәшкенбай (48 кг, 2022 жыл) мен Айбек Оралбай (92 кг, 2022 жыл) бұған дейін Азия біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ Таиландта төрт әлем чемпионы жұдырықтасады. Олар: Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг) және Бекзат Нұрдәулетов (86 кг). Ал Оразбек Асылқұлов (57 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг) және Бекзат Нұрдәулетов (86 кг) Азия чемпионатына алғаш рет қатысады.

Оқи отырыңыз: Бокстан Азия чемпионатына баратын әйелдер құрамы белгілі болды

Айта кетейік, сары құрлық чемпионаты 29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді.