Спорт

Қажымұқан жолы: Астананың студенттері күш сынасты

Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде «Student Cup» спорттық іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz

Турнир Қазақстан Спортшылар одағы мен Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба авторы – Гиннес рекордтар кітабының рекордшысы, қазақстандық балуан Сергей Цырульников.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында екінші мәрте өткізілген бәсекеде Астананың 15 ЖОО-нан 30 студент өзара мықтыны анықтады. 

«STUDENTS CUP by NOMAD GAMES — бұл тек күш сынасу алаңы ғана емес. Сондай-ақ, университеттердің бір-бірімен байланыс арттыру құралы. Қатысушылар бұл жерде күшін, шыдамдылығы мен шеберлігін па ете алады. Аталмыш жарыс Астанадағы студенттердің ең маңызды спорттық оқиғаларының бірі ретінде есте сақталатыны анық», - деді Қазақстан Спортшылар одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Азамат Қарлығашев.


Турнирдің ерекшелігі – жеңімпаздар командалық сайыстар арқылы анықталды. 
Бірінші сайыста спортшылар 2 минутта 60 келілік қапты басынан асыра көтерсе, екінші жаттығуда шынжырға байланған 24 келілік гір тасын 2 команда ұзақ ұстап тұру арқылы жарысты. Үшінші кезеңде ұзындығы 60 сантиметрді құрайтын арматураны уақыт жылдамдығымен майыстырды. Ал төртінші раундта салмағы 80 келілік қапшықты 2 минут ішінде 1,2 метрлік кедергіден мейлінше көп асыруға тырысты. Қорытынды сайыста командалар арқан тартуда сынға түсті. 

Турнир қорытындысы бойынша, 1-орынды Астана медициналық университеті, 2-орынды Astana International University, 3-орынды Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы иеленді. 

Жүлдегерлерге ақшалай және естелік сыйлықтар берілді.