Спорт

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемнің 1-ракеткасын жеңді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қазақстанның теннис федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнерге тап келді. Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде Синнер басым түскен.
Дегенмен екі жыл бұрын олар Галле додасының ширек финалында жолығысып, есеп 7:5, 2:0 болып, қазақстандық теннисші жеңіп жатқан мезетте Синнер матчты жалғастырудан бас тартқан болатын. Кейін Бублик Галледе чемпион атанды. 

Өткен жылы Бублик екінші айналымнан аса алмаса, италиялық спортшы жеңімпаз болған еді. 
Бұл жолы бірінші партияда Синнерге 1 брейк жеткілікті болды – 6:3. Екіншісінде Бублик дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:3. Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, кейін өз геймін алды – 5:3. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша, әлемнің көшбасшы теннисшісімен ойында камбэк жасаған Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачпен кездеседі.