Спорт

Қазақстанның 30 чемпионын және Кеңес Одағының екі чемпионын дайындаған бапкер Қадыркен Қожанов

Қазақ спорты тарихында тынымсыз еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, отандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқан бапкерлердің бірі - Қадыркен Қожанов. Ол КСРО-ның 48 спорт шебері, Қазақстанның 30 чемпионын және Кеңес Одағының екі чемпионы – Виталий Ковалев пен Александр Гинкельді дайындап шығарды. 

Қадыркен Сатыбалдыұлы Қожанов 1936 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Спорттағы жолын туған жерінде 16 жасынан бастаған. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын тәмамдаған.
Ол - спортшы деңгейінен біліктілігі жоғары жаттықтырушы және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін жетіп, спорт саласына өзінің өмірін арнаған қайраткер. Кезінде Қадыркен Сатыбалдыұлы Қазақ КСР-і құрамасына кірген. Ересектер арасында өткен КСРО чемпионатының күміс медаль иегері. Республикалық деңгейдегі жарыстарда 55 келі салмақта төрт дүркін чемпион атанды.

Қадыркен Қожанов 1960 жылдары өзге спортшылармен бірге Целиноград қаласына (қазіргі Астана) келіп, өз жаттығуларын көрсетеді. Жергілікті билік Қадыркеннің еркін күрестегі шеберлігіне тәнті болғаны соншалық, бірден өздеріне шақырады. Нәтижесінде ол әйелі әрі волейболшы Алтын Қалкеновамен бірге 1962 жылы түпкілікті көшіп келеді. Қадыркен Қожанов алдымен құрылыс техникумының директоры қызметіне шақырылды. Дәл осы оқу орнында ол еркін күрес секциясын ашып, алғашқы республикалық жарыс жеңімпаздарын дайындады.
Оқушыларының жақсы нәтижелерімен бірге Қожановтың өзі де ел арасында танымал бола бастады. Жас спортшыларды тәрбиелеу ісі оның өмірінің бір бөлігіне айналып, еркін күреске деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырды. Нақтырақ айтсақ, КСРО-ның 48 спорт шеберін, Қазақстанның 30 чемпионын және Кеңес Одағының екі чемпионы – Виталий Ковалев пен Александр Гинкельді дайындап шығарды.

Өзінің бүкіл өмірін ол тіптен егде жасқа келгендігіне қарамастан, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп шығаруға арнады. Қадыркен Сатыбалдыұлы елордалық «Астана батыры» клубында жаттықтырушы ретінде жұмыс істеп, үлесін қосудан тынбай, қызметін жалғастыра берді. Ол ғұмырының соңына дейін Олимпиада жүлдегерін дайындап шығуды армандады.


Қадыркен Сатыбалдыұлы 2010 жылы 74 жасына қараған шағында өмірден озып, қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырды.

Ол қазақ спорты тарихында Ақмола облысында еркін күрестің негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның құрметті спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының құрметті дене шынықтыру қайраткері ретінде есте қалды. Атақты спортшы және бапкер өмірден өтсе де, оның қалдырған ізі жалғаса бермек.