Спорт

Қазақстандық екі палуан әлем чемпионатының финалына шықты

Грек-рим күресінің шеберлері Алпамыс Болатұлы мен Еркебұлан Анапия Иорданияның Амман қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалына өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

55 кг салмақта сынға түсіп жатқан Алпамыс Болатұлы алғашқы белдесуінде жапон палуаны Юки Хирохасиді 8:0 есебімен жеңді. Кейін ол ширек финалда ирандық Амирали Тайеб Хейдариді 10:1 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда қазақ палуаны армениялық Юрик Мхитарияннан басым түсіп, финалға өтті. Ол ақтық сында америкалық Джейден Скотт Рэйнимен күреседі.

Еркебұлан Анапия 80 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр. Ол 1/8 финалда украиналық Владислав Солодчукты 11:0 есебімен жеңсе, ширек финалда молдовалық Никита Апостолға мықтылығын дәлелдеді (8:0). Ал жартылай финалда әзербайжандық Орхан Хажиевтің жауырынын жерге тигізіп (8:6), финалға өтті.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық палуан Едіге Төлеутаев (48 кг) қола медаль үшін күреседі. Ол жартылай финалда ирандық палуанға жол берді.