«Қазақстан барысы»: Астанада қалалық іріктеу турнирі өтіп жатыр
Елордадағы «Аспан» спорт кешенінде қазақ күресінен дәстүрлі «Астана барысы» қалалық іріктеу турнирінің ашылу салтанаты өтті. Бұл бәсеке балуандарға республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама беретін маңызды дода болып саналады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа барлығы 80 балуан қатысып, өзара мықтыны анықтайды. Оның ішінде аса ауыр салмақтағы «Түйе балуан» санатында 15 спортшы боз кілемде бақ сынауда.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған турнирде балуандар -55, -60, -66, -74, -82, -90, -100 кг және түйе балуан салмақ дәрежелері бойынша күш сынасуда.
Қаламыздың намысын қорғап жатқан түйе балуандар қатарында елге белгілі спортшылар Нұрдәулет Айсағалиев, Олжас Шынкеев, Мейіржан Сламшаиков, Жасұлан Қалқабаев бар.
Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған балуандарға арнайы сыйлықтар, диплом және медаль табысталады. Ал «Түйе балуан» санатында 1-2 орын алған спортшыларға «Астана барысы» белбеуі беріліп, қазан айында елорда төрінде өтетін республикалық «Қазақстан барысы» додасына тікелей жолдама бұйырады.
Айта кетейік, 2015 жылы Астананың намысын қорғаған Ғани Сейділдаев «Қазақстан барысы» турнирінде қола жүлдегер атанған болатын.