Спорт

Қайрат Сәтжанов: Thailand Open турниріндегі біздің боксшыларымыздың ойынына «жақсы» деген баға беремін

Бокстан кеше ғана Таиландта өткен турнир аяқталды. Астанадағы айтулы Әлем кубогы кезеңіне де аз уақыт қалды. Осы орайда Elordainfo.kz сайтының тілшісі ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжановтан сұхбат алды.

- Астанадағы Әлем кубогына 33 мемлекеттің қатысатыны жайлы ақпарат жарияланды. Бірақ тізімде Куба, Украина, Ұлыбритания, Ирландия мемлекеттері жетіспейтіндей көрінеді. Бұл тізім әлі толығады ғой?

- 17-29 маусым аралығындағы оқу-жаттығу жиынына АҚШ, Канада, Бразилия, Аустралия, Ұлыбритания, Ирландия мемлекеттері қатысуға ниет білдірді. Бұл Әлем кубогы алдындағы соңғы дайындық болғандықтан, Ұлыбритания, Ирландия додаға қатысуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, Куба тек 22 мамырда ғана World Boxing ұйымына кірді. Келіп қалады деген үміттеміз. Украина жайлы айта алмаймын.

- IBA сайтында ересектер арасындағы Азия чемпионатының мерзімі тамыз айы деп көрсетілген. Бұл жарыстың болатыны қаншалықты белгілі? Бұл турнирді де қаперіңізге алып жүрсіздер ме?

- Дәл қазіргі сәтте бұл турнирдің қаншалықты нақты өтетіні белгісіз. Бірақ 2024 жылы өткен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша, ұлттық құрамға 69 боксшы енді. Бұл спортшылар жыл басынан бері Испания, Сербия, Әзербайжан, Венгрия, Ресей, Бразилия және т.б елдердегі бәсекелерде жолдамасын алып үлгерді. Барлығының дерлік, өзіндік тәжірибесі бар. Азия чемпионаты өтіп жатса, құрам жасақтау қиын емес.

- Жақында ғана Шри-Ланка төрінде Бақтияр Сәрсекбаевтың тізгіндеуімен Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Тіпті оның біршамасы шетелдік жарысқа алғаш рет шықты. Бұл құрамадағы бәсекелестікті арттырады дегенге келісесіз бе? Тамыз айындағы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатына қай құрам қатысады? Өзара спарринг өте ме?

- Шри-Ланкадағы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында ерлеріміз 10 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Бірақ көпшілік ол додаға Өзбекстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сынды елдердің мықты құрам жібермегенін біледі. Ал тамыз айында World Boxing ұйымының аясында өтетін 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты нағыз сынақ болғалы тұр. Сары құрлықтың жарысына Бақыт Сәрсекбаевпен бірге құрамды жасақтаймыз. Ол тізімге Әлем кубогының чемпиондары Нұрсұлтан Алтынбек, Дәулет Төлемісов, жастар арасында әлем чемпионы Төрехан Сабырхан және аса ауыр салмақта Даниал Сапарбай енеді.

- Кеше ғана аяқталған Thailand Open халықаралық турнирінде ерлер құрамасы 2 алтын, 5 қола иеленді. Нәтиже қаншалықты көңіліңізден шықты? Төрехан Сабырхан ақпан айындағы «Странджа кубогынан» кейін қорғанысқа баса мән беріп, сабақ алған секілді. Алтын болатыны анық болса да, Диас Молжігітовті ешкім чемпион болады деп ойламаған сияқты. Қалай ойлайсыз?

- Таиландтағы халықаралық турнирдегі боксшыларымыздың дайындығына жақсы деген баға беремін. Иә, Төрехан Сабырхан жыл басында бірінші рет ересектер арасындағы «Странджа кубогы» халықаралық турниріне қатысып, топ жарған болатын. Тіпті турнирдің үздік боксшысы номинациясын иеленді. Сол сәттен ол сабақ шығарып, Таиландта да жақсы қырынан көрсете білді. Ал Диас Молжігітов финалға шыққан соң қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанға қарсы арнайы тактика құрдық. Алдыңғы қолмен көбірек жұмыс істеп, аяқты тұрақты түрде іске қосуды тапсырдық. Диас 100 пайыз болмаса да, тапсырманы ойдағыдай атқарып, чемпион атанды.

- 57 келіде өз мүмкіндігін жібермеуге тырысып жүрген Асылжан Серікбай көрінбей кетті. Ол құрамада жаттығып жүр ме? Неге жарыстарға қатыспайды.

- 2025 жылдың бастапқы кезеңдерінде құрамадан босатылды. Тек 1-18 мамыр күндері аралығындағы жалпы физикалық дайындыққа байланысты оқу-жиынына қатысты. Одан кейін өткен аптада ғана Алматыда ұйымдастырылған Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарды. Бірақ оның дәл қазіргі сәтте 55 келі немесе 60 келіде жұдырықтасатыны жайлы нақты мәлімет жоқ.