Қайрат Сәтжанов: Боксшыларымызды тексеріп аламыз
3-9 ақпан күндері аралығында Испанияның Ла-Нусия қаласында дәстүрлі Boxam халықаралық турнирі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.
Boxam турнирі қашаннан бері өтеді?
1976 жылы Альмерияда бастауын алған жарыс әртүрлі қалаларда ұйымдастырылып келді. Алайда бұл турнирге көптеген елдер кейінгі жылдары Олимпиада ойындарына дайындық ретінде қатысып келеді. Нәтижесінде әлемдік бокс көшбасшылары Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ және т.б елдердің қатысуының арқасында турнирдің танымалдылығы артты.
Қазақстан боксшылары қашаннан бері қатысады?
Қазақстанның ерлер құрамасы Испаниядағы турнирге тұрақты түрде қатыспайды. Жарыстың тарихына көз жүгіртсек, мұнда тек 1999 жылы Болат Жұмаділов пен 2021 жылы Махмұд Сабырхан ғана чемпион атанған. Әсіресе Махмұд Сабырхан 5 мәрте қатарынан топ жарған Габриэль Эскобарға қарсы керемет шеберліктің үлгісін көрсете білді. Енді 4 жылдық үзілістең соң, ерлер құрамасы қайта қатысуға шешім қабылдады.
Қандай елдер қатысады?
Соңғы ақпараттарға сәйкес, турнирге Қазақстан, бейтарап елдің спортшылары (IBA), Англия, Грузия, Мажарстан, Румыния, Шотландия, Словакия, Испания, Түркия, Украина, Уэльс, Ауғанстан, Қытай, Қырғызстан, Палестина сынды елдердің 170-тен астам боксшысы тіркелген.
Осы орайда ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов өз пікірін бөлісті.
- 2025 жылдың алғашқы жарысын неге Испаниядағы жарыстан бастауды жөн көрдіңіздер?
⁃ 2025 жылдың күнтізбесінде Испаниядағы жарыс бірінші тұр. Турнирден бөлек, біз Украина, Англия, Шотландия, Уэльс, Мажарстан, Қытай, Румыния, Испаниямен бірігіп, оқу-жаттығу жиынын өткіздік.
- Қазақ боксшылары Boxam турниріне көп қатыса бермейді. 1999 жылы Болат Жұмаділов топ жарса, 2021 жылы Олимпиадаға дайындық мақсатында ерлер құрамасы қатысуға шешім қабылдады. Енді 4 жылдық үзілістен кейін қайта жүлдеге таласпақшысыздар. Бұл алдағы уақытта ірі жарыстардың көптігіне байланысты қабылданған шара ма?
- 2022 жылы Ла-Нусия муниципалитеті жастар арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Содан бері Boxam турнирін Ла-Нусияда өткізу шешімі қабылданып, турнир атағы жыл өткен сайын артып жатыр. Испанияға 25 боксшымызды алып келдік. Бұдан бөлек, Болгариядағы «Странджа» бәсекесіне 26 спортшы, Сербиядағы жарысқа 18 жерлесіміз қатысады. Турнирлердегі басты мақсатымыз - спортшыларымызды тексеріп алу. Себебі Қазақстанда жақсы жұдырықтасатын боксшы шетелде ашыла алмай қалуы мүмкін. Үш жарыстан кейін наурыз айында Ресейдің Кисловодск қаласында Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусьтің бірінші-екінші нөмірлі боксшыларымен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Артынша Хабаровсктегі турнир бар. Ал үшінші-төртінші құрамымыз Әзербайжандағы «Жібек жолы» турниріне аттанады. Сонымен қатар 31 наурыз - 7 сәуір аралығында World Boxing ұйымы Бразилияда Әлем кубогінің алғашқы кезеңін ұйымдастырады.
- Құрамға қарасақ, көптеген негізгі боксшылар қатыспайды. Кейбіреулер үшін тіпті алғашқы халықаралық жарысы саналады. Бұл турнирге қандай мақсат қоясыз? Қандай мемлекеттер қатысады деп жоспарлануда?
⁃ Испанияға 2024 жылғы Қазақстан чемпионатында 2-3-орын алған жас боксшыларды алып келдік. Бұлардың арасында тәжірибелі Дулат Бекбауов, Бейбарыс Жексен, Темірлан Мұқатаев, Дархан Дүйсебай сынды өкілдеріміз де бар. Естуім бойынша, 20-ға жуық елдің спортшылары қатысады.
- Испания төрінде Қазақстан құрамасынан кей салмақтарда 3 боксшыға дейін қатысқалы жатыр. Жалпы елімізден көп спортшылардың шетелдік турнирге қатысуы жиі кездесе бермейді. Бұл да олар үшін үлкен тәжірибе шығар?
⁃ Иә, 54 және 86 келіде 3 боксшымыз тіркелген. Алайда 13 спортшы Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясының қаржыландыруы бойынша барса, қалғандары өздерінің облыстық спорт басқармалары арқылы оқу-жаттығу жиыны мен жарысқа қатысуға мүмкіндік алды.