Спорт

«Аттандық Миланға»: футбол шолушысы Несіп Жүнісбаев «Интер» – «Қайрат» матчына Миланға аттанды

Elordainfo.kz оқырман назарына 5 қараша күні Италияның Милан қаласындағы аңызға айналған «Джузеппе Меацца Аренасында» өтетін алматылық «Қайрат» футбол командасының миландық «Интер» клубына қарсы матчына аттанған спорт журналисі, жазушы, футбол шолушысы Несіп Жүнісбаевтың жолжазбасын ұсынады.

«Қайрат», Прага, Милан...

«Қайраттың» Миландағы «Интермен» ойынына аттандым. Жол Прага арқылы түсті. Аккредитациядан өзім футбол шолушысы болып жүрген «Elorda Aqparat» медиахолдингі арқылы өттім. Прагада тамаша спорт журналисі, шәкіртім Руслан Меделбек қарсы алып, осынау шаһар жайлы көп мағлұмат берді. Оны болашақтағы репортаждарымда жазармын. Прагадан Миланға Русланнан басқа тағы бір топ қазақ жігіттері бармақшы. Топталып, «жауға шабатындай» боп жатырмыз...

Дастан жайлы дастан жазар күн туар

Әлі Прагадамыз. «Аккредитация қағазын ала қойыңдар» деген пәрмен берілген жоқ. Ол да бір қой құрттағандай баяу жұмыс. Рұқсат беретіндер бір шоқып, екі қарайды. Бөтен біреу қосылып кетпеуі керек. Русланның орнына Руслан, Несіптің орнына Жүнісбай баласы болуға тиіс. ...Қол бос, уақыт көп, Прага да қыдыра беретін құдамыздың ауылы емес, отырып алып интернетті шарлаймыз. «Челсидің» жазбашысы «Брендан Саймон Дастан Сәтбаевті ол командаға неге алды?» дегенге жауап іздей келіп, Дастанның үш қасиетін бөліп атапты:

1. Жастығына қарамай футболды ақылмен ойнайтын футболшы. Босқа шапқыламайды, керек жерде жүреді.

2. Дастан керек допқа тұра ұмтылғанда қарқыны алапат, жасыл алаңда тура бір тұлпардың тұяғынан қалатын қазан-шұңқырды көресің.

3. Дастан допты қақпаға ұрғанда аяғына салатын салмағы, яғни доп ұру қайраты керемет! «Бүгінде бүкіл әлемде қақпаға бұлай соғатын футболшылар сирек...», - дейді Саймон. Егер жас талант осы қасиеттерінен айрылып қалмаса, «Челсиге» келген соң ұзамай-ақ негізгі құрамға ілінетіні даусыз! ... Аузыңа май, Саймон мырза! Біздің Дастан баламыз жайлы жазылатын дастанды өзің бастап беріпсің. Ел емеспіз бе, ерекше есеміз кетіп жүрген футболдағы жұлдыз баламыздың болашақ жарқырар жолын жіпке тізіп жүретін бір қаламгер ұл туатын шығар қазағымның алтын құрсақ бір келіні. Соған аманат, Саймонның жылы лебізі!

Прага, Милан... «Қайрат»

... Русланмен соңғы олимпиадаларымда бірге болып жүрмін. Жолсерікке таптырмайтын тәрбиелі жігіт, білгені мол, биік спорт мекемелеріне сүйкімді бола алған алғыр журналист. Мен соңғы барған Рио-де-Жанейро олимпиадасында жұбымызды жазбай, жарыстарға барып жүрдік. Сол олимпиада жайлы жазған «Вечный Олимпийский маршрут» атты кітабымда Русланға деген ағалық ыстық көңілімді білдірдім де.

– Руслан, сен Прагада еңбек етіп жүргелі он жылға таяп қалды. Бұл қаланың адамды жіпсіз байлайтын бір қасиеті бар ма?

– Прага, өмір сүруге тым ыңғайлы қала, аға. Көшесі тыныш, тұрғындары жылы жүзді, Алматыдағыдай көлік кептелісінде босқа күн өткізбейтін келісті қала. Өзіңіз көшелерін көріп жүрсіз, шұбырған автокөлік көрдіңіз бе?

– Көрмедім. Себебі неде?

– Әуелі, Прагада халық орташа шоғырланған. Тұрғындар саны 1 млн 400 мыңға жетпейді. Көлік те есепсіз көп емес. Бұл елдің адамдары артық нәрсеге күмәнмен қарап үйренген. Бұл табиғи жағдай болса, қала көшелерінің таза тамырлардай қанның тоқтаусыз жылжуына себепкер – қала әкімшілігі. Олар қала орталығында автокөліктерді қойы кететін автотұрақтар орнатуға тиым салған. Сондықтан да еріккендер қаланы шиырлап, ағыла бермейді. Көше содан да бос...

– Қандай керемет! Мынаны Алматы, Астана, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне озық тәжірибе ретінде ұсыну керек екен! Әй, бірақ... Мың мәшине түтінімен төгіліп жатқан... пайдадан айырылар ма екен олар? Көңілге салқын тұстары бар ма Прагаңның?

– Халқы кәрі... Жастардан шау тартқандар көбірек. Әйелдері бала тапқысы келмейді, ерімен бірге селтеңдеп қыдыра бергісі келеді...

– Бүгінгі заманның ортақ көрінісі... Бізде де солай болып келе жатқан жоқ па?

– Прагада ерекше. Сондықтан бұл қаланың ертеңіне қуана көз тастау қиын...

– Құрысын, жақсы жағын айт, айналайын!

– Прагада, жалпы Чехияда осы елдің тілін білгендерге құшақ айқара ашық: жоғары оқу да тегін, жұмысқа орналасу да оңай, ел көңілі де ол жанға ыстық. Тағы бір тамашасы – осы кезеңде Чехия мен Қазақстан елдерінің арасы туысқандар құшағындай жып-жылы. Екі ел бір-біріне ерекше тілектес.

– Біздің «Қайратымыз» жайлы білетін болар?..

– Білгенде қандай! Өздері шықпаған Чемпиондар лигасында ойнап жатқан командамыз туралы сұрап жатқандары... Әсіресе, Дастан мен Темірланның аттарын жаттап алыпты...

– Ой-хой, футболы беделді Чехияда балаларымыздың аттары аталып жатса, тәуба! Тәуба тағы да. Алдағы Миланда өтетін матчтан соң тағы екі-үш футболшымыздың атын жаттаса, тіптен қатып кетер еді!

Екеуміз серттескендей сарт-сұрт алақан ұрыстық...

Несіп Жүнісбаев,

Спорт журналисі, жазушы