Астаналықтар жарыстан соң саябақты күл-қоқыстан тазалады
Астанада қайырымдылық марафонынан кейін еріктілер қоқыс жинады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біз қаламызда тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Сондықтан бүгінгі жүгіру жарысынан кейін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, саябақтың айналасын күл-қоқыстардан тазартуға үлесімізді қостық. Бұл іс-шарадан жастардың қалыс қалмағанын қалаймын. Өскелең ұрпақ қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауы қажет деп ойлаймын», - деді еріктілердің бірі.
Бүгін Триатлон саябағында BI Marathon өтті. Мұнда салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар жүгіру дистанциясын бағындырумен қоса, «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдап, қоқыстарын жинап кетті.
Марафонға тек спортты қолдайтын ғана емес, қала тазалығы үшін де жауапкершілік сезінетін жанашырлар қатысты. Олар жүгірістен кейін шаршағанына қарамастан, марафон өткен аймақтағы қоқыстарын жинап, тап-тұйнақтай етіп тазалады.
«10 шақырым қашықтықты 1 сағатта жүгіріп өттім. Жаңбыр жауса да, көңілкүй жақсы. Мұндай жарысқа бүгін бірінші рет қатысып жатырмын. Негізі демалыстарда саябақтарда жүгіріп тұрамын. Марафонды ұйымдастыру деңгейі – өте жақсы. Жарыстан соң бізге, яғни қатысушыларға, палау, бауырсақ таратылды. Кейін әр қатысушы өздерінің қоқыстарын жинап кетті. Осындай спорттық іс-шараға алдағы уақытта да қатысып тұрамын. Мұндағы мақсат – салауатты өмір салтын ұстану», - деді марафонға қатысушы Айдын Әбілқас.
Бүгін жарысқа 5 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақтары қатысты. Тіркелуден түскен барлық қаражат «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорына жіберіледі.
BI Marathon елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын спорттық мерекеге айналды. Марафон қашықтығы 10, 21 шақырымды құрады. Ал ең кішкентай қатысушылар үшін 400 м және 1 шақырымды құрайтын балалар жүгіруі де болды.