Спорт

Астаналық полицейлер арасында шағын футболдан чемпионат өтті

Футбол әуесқойлары лигасының орталық алаңында ҚР Конституциясы күніне арналған Астана қаласы Полиция департаментінің шағын футболдан чемпионаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Турнир Қазақстан футбол әуесқойлары лигасының қатаң ережелерін сақтай отырып, 16 команданың басын қосты. Оған 160 полиция қызметкері қатысты. Ойынның жоғары деңгейі, командалық рух және жеңіске деген ұмтылыс бұл шараны нағыз спорт мерекесіне айналдырды.

Турнир барысында үздік ойыншылар анықталды. Полиция лейтенанты Ермек Сүлейман ерекше қақпашы шеберлігін көрсетіп, «Үздік қақпашы» атағына ие болды. Полиция капитаны Елдос Сартай қорғаныстағы мықты ойыны үшін «Үздік қорғаушы» атанды. Шабуылдағы нәтижелі ойыны үшін полиция капитаны Самат Оразбаев «Үздік шабуылшы» атанса, командалық ойынға қосқан тамаша үлесі үшін полиция капитаны Ержан Беспаев турнирдің «Үздік ойыншысы» атағына ие болды.

Турнирдің чемпионы болып ойын бойы тамаша нәтижелер мен командалық рух танытқан ЖҚАЖ басшылығы танылды.

Жеңімпаздарға марапаттарды турнирдің құрметті қонағы – Астана қаласы мәслихатының депутаты және футболдан еңбек сіңірген спорт шебері Давид Лория табыс етті.