Спорт

Астанада «Жұлдызай-2024» ұлттық инклюзивті ойындары басталды

Астанада мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биылғы шара 3-5 қазан аралығында  Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек cарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Sairan Arena» спорт клубында және Паралимпиада жаттығу орталығында өткізіледі.

Бәсекеге 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысып, жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: бес тас, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты спорттың жеті түрінен сынға түседі.

Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Атырау, БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, ШҚО, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 600-ге жуық қатысушы бас қосты.

Осы орайда салтанатты іс-шараның ашылуына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев, парадзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей, «BI Жұлдызай» корпоративті қорының директоры Гүлхан Исабаева және т.б. қонақтар қатысты.

«Астана төрінде «Жұлдызай-2024» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары басталды. Барша келіп отырған қонақтарымызға алғысымды білдіремін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі бұқаралық спорттың даму барысын қадағалап отырады. Әр Жолдауында бұқаралық спорттың маңыздылығына тоқталады. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілей отырып, ерік-жігерлеріңіз мықты бола берсін», - деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.

Іс-шараның негізгі міндеті – балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, салауатты өмір салтын ұстануға, олардың спорттық әлеуетін дамытуға, физикалық және интеллектуалдық шектеулерге қарамастан жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ету.

Енді ғана өсіп келе жатқан жас буындар ересектер арасында ел намысын абыроймен қорғап жүрген параспортшыларымызға еліктейтіні анық. Соның айқын дәлелі – 28 тамыз-8 қыркүйек күндері аралығында өткен Париж Паралимпиадасында Қазақстан намысын қорғаған 44 жерлесіміз рекордтық 2 алтын, 3 күміс, 4 қола жеңіп алған болатын.

«Мен өзімнің соңымнан еріп келе жатқан іні-қарындастарыма сәттілік тілеймін. Әрине, мен осы парадзюдода үлкен жетістіктерге жеттім. Әлі де тоқтап қалмаймын. Сіздер де біз секілді қазақтың көк туын абыроймен асқақтатын боласыздар. Бізден де асып түсуге тілектеспін. Сол үшін тынымсыз еңбек етіп, үміттеріңізді ешқашан үзбеңіздер. Осында келіп отырған қадамдарыңыздың өзі үлкен жеңіс. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!» - деді парадзюдодан Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей.

Респубикалық додаға қатысу үшін 2024 жылдың сәуір-маусым айларында еліміздің барлық өңірлерінде қазылар алқасының қатысуымен іріктеу кезеңі өткізілген болатын.

Айта кетейік, ауқымды шара 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.