Астанада стендте атудан VI жастар ойындары жалғасып жатыр
Астана іргесіндегі Astana Target club спорттық кешенінде стендте атудан VI жастар ойындары ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
4 жылда бір мәрте өтетін айтулы бәсекеге спорттың скит және спортинг түрлері бойынша жеті өңірден 150-ге жуық жас спортшы бас қосты.
«Стендте ату – Олимпиада ойындарына кіретін спорт түрі. Сондықтан бұл жерде бәсекелестік өте жоғары. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында Мария Дмитренко, Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко сынды үш бірдей отандасымыздың қатысуы осының айқын дәлелі. Қазақстанда ең үздік өңірлердің қатарына Шымкент, Алматы, Астана қаласы кіреді. Кейінгі жылдары Қызылорда, Ұлытау, Жетісу облыстарында да стендте ату қолға алынып келеді. Елімізде әлем кубогы, Азия кубогының кезеңдері сынды ірі додалардың өтуі осы спортты алға жетелейтіні сөзсіз», - деді №9 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің стендте атудан бапкері Олег Наймушин.
№9 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде стендте атудан 25 жасөспірім айналысады. Әр жылдың тамыз айында бұл мектепке 12-14 жас аралығында балалар іріктеу кезеңі арқылы түсе алады.
Қазақстан кезеңдері бұған дейін Шымкент, Алматы қалаларында ұйымдастырылған болатын. Спортшылардың айтуынша, елордадағы Astana Target club спорт кешені үнемі жел болып тұруымен ерекшеленді. Бұл қорытынды нәтижеге әсер ете?
«Астана қаласындағы жел нысананы көздеуге қосымша қиындық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бұл жерде спортшының жеке шеберлігі қатты рөл ойнайды. Өзіме келетін болсам, 8 жылдан бері стендте атумен айналысамын. Күрес, бокспен шұғылданып келіп едім. Енді осы спорт түріне тоқталдым. Стендте атуда психологиялық тұрақтылық, зейін қатты рөл ойнайды. Мен де жүлдегерлердің қатарына кіруге тырысамын», - деп Қызылорда облысынан келген Нұрдәулет Шанбай ойымен бөлісті.
27 шілдеге дейін жалғасатын бәсекеде жалпы 40 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, жарыс барысында VI жастар ойындарынан бөлек, Қазақстан кубогының III кезеңі, Астана қаласының ашық чемпионатының жүлделері де сарапқа салынады.