Спорт

Астанада үстел теннисінен тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы басталды

Beeline Arena-да Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен Халықаралық ашық кубогының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Бас хатшысы Рауль Калин және Nomad Table Tennis Academy үстел теннисі академиясының негізін қалаушы Медеу Нұрасыл қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән береді. Бұқаралық спорттың дамуына үстел теннисі де зор үлесін қосып келеді. Бүгінде осы спорт түрімен 260 мыңнан астам адам жүйелі түрде шұғылданады. 10 мыңнан астам кәсіби спортшы және 400-дей жаттықтырушы тұрақты еңбек етеді. Барлық 20 өңірдегі федерация тұрақты жұмыс істеп тұр және 12 заманауи үстел теннис орталығы бар. Жаңадан 30 бөлімше мен 35 арнайы зал ашылды. Бүкіл әлем көз тіккен жарыстарда отандық спортшылар табысты өнер көрсетіп келеді. Біздің спортшылар кейінгі 2 жылда 85 медаль жеңіп алды. Оның 31-і алтын. Бірнеше Олимпиада ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, жастар арасында әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары Зәуреш Акашова мен Сарвиноз Миркадирова біздің мақтанышымызға айналды. Бүгінгі үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы осы спорт түріне деген қызығушылықты одан әрі арттыруға септігін тигізеді деген сенімдемін», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов.


Үстел теннисінің жаңа сатыға шығуының көрсеткіші - еліміздің 2024 жылы бірінші мәрте Азия чемпионатын қабылдауы. Ал 2027 жылы Қазақстан ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізу мәртебесіне де ие болды.

Жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларын құрайтын айтулы додада 15 елден 250-ден астам спортшы жүлдеге таласады. Олар U11, U16, Open 17+ санаттары мен командалық сайыста жүлдені сарапқа салады.

Кубоктың басты ерекшеліктерінің бірі – әлемдік үстел теннисінің жұлдыздары қатысатын шоу-матч. Жанкүйерлерді спорт тарихында өшпес із қалдырған шеберлердің ерекше өнері күтіп тұр. Аңыздар қатарында 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 10 дүркін әлем чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпионы Фан Бо (Қытай), әлем чемпионы Вернер Шлагер (Австрия) және әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Жу Се Хук (Корея) бар.  

Жарыс 29 қазан күні мәресіне жетеді.