Спорт

Астанада пара үстел теннисінен халықаралық турнир өтеді

Астанада 30 шілде мен 3 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ITTF World Para Challenger Astana 2025 турнирі өтеді. Бұл – әлемдік пара үстел теннисі рейтингіндегі маңызды, екінші деңгейлі халықаралық дода, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) күнтізбесіне енген бұл дода – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына және әлем чемпионатына іріктеу турнирі болып саналады. Рейтингтік жарысқа 15-тен астам елдің спортшылары қатысады.

Атап айтқанда, Қазақстан, Малайзия, Үндістан, Франция, Гонконг, Бельгия, Жапония, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Болгария, Ұлыбритания, Түркия және бейтарап (AIN) 138 спортшысы бақ сынайды. Олар жеке және жұптық сында шеберлік байқасады. Ел намысын қорғау үшін Астана қаласынан 9 спортшы қатысады. Олар: Сәуле Айдарханова, Гүлмира Қайдасова, Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова, Балзия Таш, Жанна Алиева, Ринат Гильфанов, Станислав Сигарев және Антонина Рогова.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан алғаш рет ITTF fa20 Astana para open 2024 турнирін өткізген болатын.