Спорт

Астанада ұлттық спорттан «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері анықталды

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға Парламент Мәжілісінің төрағасы – Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ депутаттар мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорт жанкүйерлері жиналды.

Іс-шарада Ерлан Қошанов осы жыл қазақтың ұлттық спорт түрлері үшін айтулы жыл болғанын атап өтті. Бүкіл әлем V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында отандық спортшыларымыздың жеңісіне куә болды. Президент бастамасымен олардың басым көпшілігі мемлекеттік наградаларға ұсынылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олар - біздің мәдениетіміз бен менталитетіміздің ажырамас бөлігі. Президент тапсырмасы бойынша елімізде ұлттық спорт орталықтары, клубтар, мектептер ашылуда. Онда 600 мыңнан астам адам қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен айналысады. Бүгінгі «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық қазынамызды сақтауға және оны елімізде, дүниежүзінде ілгерілетуге тікелей ықпал етеді», – деді ол.

Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміз үшін олжалы болғанын сөз етті.

«Бұл жетістік бізге бір күнде келген жоқ. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы және Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты 10 федерация халықаралық жарысқа дейін тынымсыз еңбек етіп, спортшыларды қолдап, олардың дайындығына ерекше мән берді. Соның арқасында біздің жігіттер мен қыздар барын салып, жеңіске жетті», - деді И. Салжанов.

«Алтын тұғыр-2024» сыйлығының иегері атанғандар:

«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша – Асылхан Қожанәсіп пен Салтанат Сапарбекова;

«Бәйге» номинациясы бойынша – Хамза Амангелді мен Ержан Ақылбаев;

«Құсбегі» номинациясы бойынша – Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан және Иманғали Әбдулкәрімұлы;  

«Көкпар» номинациясы бойынша – Абылайхан Нышанбеков;

«Аударыспақ» номинациясы бойынша – Сырым Ізбасаров;

«Жамбы ату» номинациясы бойынша – Ақәділ Пернебай;

«Теңге ілу» номинациясы бойынша – Рахат Қамбаров;

 «Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша – Жәнібек Құлмырзаев және Айкөркем Батихан;

«Асық ату» номинациясы бойынша – Нұрқисса Молжігітов және Камила Даниярова;

 JORYQ номинациясы бойынша – Алматы қаласының «Алатау» командасы.

Сондай-ақ салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді. Олар:

«Тоғызқұмалақ» – Бауыржан Төлегенов;

«Бәйге» – Төребек Құрманғалиев;

«Құсбегі» – Елтай Мүптекеев;

«Көкпар» – Еркебай Омарбек;

 «Аударыспақ» – Біржан Қосалиев;

 «Жамбы ату» – Сәнім Мурадова;

«Теңге ілу» – Нұржан Әбілқасымов;

 «Дәстүрлі садақ ату» – Диас Миллат;

 «Асық ату» – Ескендір Рахметов.

Сонымен қатар «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қарасты Qazsport телеарнасы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «JORYQ ат спорты» федерациялары бар.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. Салтанатты іс-шара Amanat партиясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.